Бағаға сатылмайтын Байжанова

Айша Байжанова әпкеміз  Шардара қаласындағы М.Горький атындағы жалпы орта мектебінде бастауыш сыныптан дәріс береді. Барлық мұғалімдер сияқты 1-сыныптан бастап балаларды қабылдап алып, 5-сыныпқа дейін жетекшілік жасайды. Туған балаларындай болып кеткен сүйікті сыныбын шығарып салған соң қайтадан мектеп табалдырығын аттаған оқушыларды қабылдайды. Отыз жылдан астам  оқытушылық қызметті атқарып келе жатқан Айша Шауғабайқызын әріптестер мен ата-аналар қатты құрметтейді.

Оның себебі, жүрек қалауымен таңдаған мамандығы болғандықтан  ұстаз атына кір түсірмеуді өзінің өмірлік ұстанымы етіп алған. Былайғы сәтте кісі көңілін қалдырмай, аңқылдап жүретін Айша апай мектепте қатал мұғалімге айналады. Өзі сауаттарын ашқан қарадаомалақтардың қайсысы қай сабақты жақсы оқиды, қайсысына қосымша білім беруді күшейту керегін жақсы білгендіктен бұл сыныпта оқитын оқушылардың үлгерімі де жақсы. Ата-аналармен байланысты бірінші кезекте қолға алып, олардың мектепте өтетін жиналысқа түгел қатысуына қатты мән береді. Әріптестері әзіл-шынын араластырып «бағаға сатылмайтын Байжанова» дейді. Бұл рас сөз. Алдындағы оқушы шенеуніктің баласы бола ма, қарапайым адамның баласы бола ма, туысы немесе жақын досының баласы бола ма – Айша апайға бәрі бірдей. Біреуіне бұра тартып, бағасын көтермелеп қою, немесе өтірік мақтау бұл кісінің қанына жат. Сондықтан болар, атағы дардай қызметкерлерден бастап қарапайым адамдарға дейін балаларын Айша апайдың қолына береді.

Әсіресе, бастауыш сыныпты бітіріп, жоғары сыныпқа өтер кезде базбір ата-аналар балаларының бағасын көтеру үшін өтініш айтып жатады. Тіпті жан досы болып, қуаныш-тойларында бағалы сыйлықтар беріп жүрген азаматтың баласына бестік қоймай қойғаны бар.

–Біреулерге бағаны көтеріп, балаға бестік қоя салу түкке тұрмайтын нәрсе болып көрінетін шығар. Ондай өтірік баға ертең-ақ ашылып қалады. Мен көтермелеп, үздік деп шығарып салған оқушым келесі жылы үштік алып жатса масқара емес пе. Мұғалімдердің жиналысында бәрі талқыға салынады. Сол кезде «кімнің оқушысы еді» деген кезде жерге қарап тұрған жақсы ма. Біздің жұмыста көзбоушылық деген болмайды. Мұндай қағиданы мектебімізіде ұзақ жыл директор болған марқұм Любовь Зиберевадан санамызға сіңіріп өстік. Себебі, білім негізі бастауышта қаланады, — дейді Айша Байжанова.

Мектеп бітіргендеріне он, жиырма жыл болған түлектер жыл сайын 25 мамырда бас қосып, ұстаздарымен кездеседі. Ал, Айша апайдың оқушылары оқу жылының соңын күтпей-ақ, туған жерге келген сайын сүйікті апайларын іздеп келіп, мәре-сәре болып жатады. «Сіздің сабақ берген кезіңізді ұмытпаймыз. Туралықты, әділдікті сізден үйрендік» десіп жатады ер жетіп-бой жетіп қалған шәкірттері. «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» шәкірттерімен сағынышқа толы сырласулары ұзаққа созылады.

Иә,ұстаз бақыты деп те осыны айтатын шығар, бәлкім!

         Әділ ӘБДІРАМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *