Күндіз өгізбен жер жыртып, түнде сабақ оқитынбыз
Шардара ауданы бойынша тылда тер төккен ардагерлер саусақпен санарлық қана. Соның бірі – аудан орталығында ғұмыр кешетін, тағы бірер жылдан кейін жүз жастың жүзін көретін Күлпан апа Ерімбетова.
Күлпан апамыздың әкесі Жүсіп Досқалиев Балтакөл маңында өмір сүрген, малды, бақуатты кісі болған екен. Кейіннен бар малын колхозға өткізіп, өкіметтің малын бағады. 40-шы жылдары әйгілі Киров каналын қазуға алыс-жақыннан халықты көшіріп әкеле бастаған кезде, Жүсіп ағамыздың отбасы да Мақтаарал өңіріне қоныс аударады.
Ұлы Отан соғысы басталған кезде Күлпан апамыз 14 жаста екен. Еркеккіндіктің бәрі бірінен соң бірі майданға аттанып жатқандықтан ауылдағы жұмысқа кемпір-шал, әйелдер мен бала-шаға жегіледі.
–Ауыл адамдары түгелдей егіс басына шығып кетті. Біз секілді бала-шаға өгіз арба айдады, атпен жер жыртты. Анам марқұм ағаш соқаны ұстайтын еді де, мен өгіздің бас жібінен ұстап, жетектеп жүремін. Есімде қалғаны, соғыс болып жатқанымен де алғашқы жылдары мектептегі оқу тоқтаған емес. Дүйсенбек деген ағай сабақ беретін, кейін ол кісі әскерге кетті де орнына інісі Райхан ағай сабақ берді. Күндіз соқамен жер жыртып, түнде сабақ оқитын едік. Жер кепеде тұрамыз, кешке шишаға май құйып жағып, соның сығырайған жарығымен сабақ оқитын едік. Ертесіне қайтадан егістікке аттанамыз. Адамдар да арық, малдар да арық. Бидай піскен кезде еңбеккүнге 3 қадақ дән береді. 3 қадағымыз он келідей бидай болады. Бидай алған кезде біздер үшін ұлан-асыр той болғандай қуаныш болады. Бірер уысын қуырып жейміз де, қалғанын шешеміз ұн қылып, нан пісіреді. Қол диірмен деген барлық үйде жоқ, кезектесіп алып, ұн тартатын едік, — дейді Күлпан апа.
Апамыздың әкесі жасы ұлғайып қалғандықтан әскерге алынбай, колхоздың жылқысын бағыпты. Күлпан апа кейіннен әкесіне көмекші болып, жылқыға шығып кетеді.
–Әкем күндіз-түні өкіметтің малын бағумен болды. Бір жолы ауданнан тапсырма келіп, бір үйір жылқыны майдан даласына аттандырды. Ол шаруа әкеме жүктелген соң, жылқыларды пойызға артып жол жүріп кетті. Қарамағындағы аттарды атты әскерге аман-есен табыстап, ұзақ жол жүріп келді. Сонда айтып отырушы еді, соғыс болып жатқан жерде Мәншүк Мәметова деген қазақ қызын көрдім, өрімдей жас қыздың өжеттігіне риза болдым деп. Әкеміз жол жүріп келгенше алдымыздағы жылқыны біз де шығын шығармай қарап отырдық, – дейді Күлпан апамыз.
Атқа мініп, жылқы қайырып жүретін қаршадай қыз, әсіресе үйір-үйір жылқыны суарған кезде қатты қиналатын. Құдықтың суын қауғамен тартып, оны шымнан жасалған әуітке толтыру оңай шаруа емес.
–Ешкі терісінен жасалған қауғаны мықшыңдап тартып шығарамыз да, әуітке құя береміз. Ол құйған суымыздың жартысы жерге сіңіп кетеді. Сол қауғамен 6-7 үйір жылқыны суаратын едік. Қара жұмысты өзімнен үлкен әпкеммен бірге атқардық. Кейіннен әпкемді әскери комиссариат шақырып, ФЗУ дейтін болады екен, фабрика-зауытта түрлі жұмыстар істейтін, соған алып кетті. Менің жасым кішкентай болғандықтан ол жұмысқа әкетпеді. Көп ұзамай соғыс аяқталып, әпкемдер қайтып келді. Алайда, сол зұлматтан екі ағам, екі інім оралмады, — дейді Күлпан апа Жүсіпқызы.
18 жасқа толғанда Мұстафа Ерімбетов ағамызбен отау құрады. Қапланбектегі малдәрігерлік техникумды бітірген Мұстафа аға кейіннен 15 колхозда зоотехник болып істеген, білікті азамат еді. Жастайынан қара жұмыста шыңдалған Күлпан апамыз отағасының жағдайын жасай жүріп, өкіметтің жұмысынан да қол үзген емес. Киров ауданындағы (қазіргі Мақтарал) Молотов колхозында озат мақташы болды. Күніне 180 келіден мақта теріп, санаулы қыз-келіншектермен бірге стахановшы атанды. Мұстафа ағамыздың әкесі де, інілері де өкіметтің қойын бағатындықтан, Күлпан апа шопандық жұмысқа ауысты. Басында көмекші шопан болған Күлпан апа кейіннен аға шопан болып еңбек етті. Әу бастан төрт түліктің қыр-сырын жақсы білетін апамыз бұл шаруаны да еңсеріп әкетті. Әдепкіде тұсақ бағып, 100 қойдан 125 қозы өргізді. Кейіннен саулық алып, жүз қойдан 150-ге дейін қозы алатын болды. Жоспарды асыра орындаған үздік көрсеткіштерінің арқасында үкімет тарапынан бірнеше наградаларға ие болды.
–Әсілінде адамның жаны темірден де берік, мықты болады екен. Ес білгеннен бері неше түрлі жұмысты қолмен атқардық қой. Сол кетпен-күрекпен канал да қаздық, екі қолдың күшімен ұлан-ғайыр алқаптың жерін жыртып егін ектік. Сол егінді қол орақпен орып, бидай мен арпаны қолмен суырдық. Күн демей, түн демей өкіметтің малын бақтық. Соғыс кезінде жауды тезірек жеңсек екен деп тер төктік, – дейді тыл ардагері.
Күлпан Жүсіпқызы Мұстафа Ерімбетов екеуі 5 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Мұстафа ағамыз 2005 жылы өмірден озды. «Батыр ана» және «Алтын алқа» белгілерінің иегері Күлпан апамыздың ендігі тілегі «бүгінгі жас ұрпақ ондай соғысты, ауыртпалық өмірді көрмей өссін» дейді. Ұл-қыздарынан барлығы 34 немере мен 88 немере және 5 шөпшек сүйіп отырған сүйегі асыл әжеміздің бітім-болмысына қызыға қараймыз.
Жасы жүзге жақындап қалса да Күлпан апа керек жерге баласының көлігімен барып, анау-мынау шаруаларды өзі тындырып жүреді. Оны көлікпен алып жүретін 65 жастағы ұлы Шойбек ағамыз.
–Апам әлі бақуат, өзі жүріп-тұрады. Көзі көреді, есте сақтауы сол қалпында. Анамыздың ортамызда аман-есен жүргені біздер үшін зор бақыт. Өзімізді бұл кісінің алдында бала сезінеміз әлі, – Шойбек аға.
Иә, бүгінде зейнеткер болса болса да көкеміз анасының қасында жас баладай көрінеді. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген сөз рас екен-ау дейміз.
Әділ Әбдіраманов