Ауыл – ел бесігі: Бәйдібекте жаңа әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы өңірлердегі нақты жобалар мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар арқылы жүзеге асуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бірнеше мәрте атап өткендей, «Мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Біз халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жобаларға басымдық беруіміз керек». Бұл бағыт бүгінде барлық аймақтарда, соның ішінде Түркістан облысының Бәйдібек ауданында айқын көрініс тауып отыр.

Жуырда ауданда ел игілігіне берілген екі бірдей жаңа әлеуметтік нысан, атап айтар болсақ, Амансай елді мекеніндегі жаңа мәдениет үйі мен Шақпақ елді мекеніндегі заманауи спорт кешені осы ұстанымның нақты жемісі. Бұл нысандардың ашылуы аудан халқының әлеуметтік, мәдени және спорттық қажеттіліктерін өтеуге бағытталған маңызды қадам ғана емес, сонымен қатар, өңірдің экономикалық және қоғамдық дамуындағы сапалы серпілісті білдіреді.

Мәселен, Боралдай ауылдық округіне қарасты Амансай ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтерген 150 орындық мәдениет үйі ауыл халқының рухани өміріне тың серпін бермек. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған бұл ғимаратта түрлі шығармашылық үйірмелер, мәдени шаралар мен қоғамдық кездесулер өткізуге толық мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, ғимарат ішінде тұрғындар үшін қолжетімді кітапхана ашылып, көпшіліктің игілігіне берілді. Мұндай нысандар ауылдық елді мекендерде мәдени орта қалыптастырудың, жастардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз етудің негізгі тетігі.

Алғабас ауылдық округінің Шақпақ ауылында жаңа спорт кешені де салтанатты түрде ашылды. Құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған бұл жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып, “Real Story Invest” ЖШС-і арқылы іске асқан. Кешен соңғы үлгідегі спорттық жабдықтармен толық қамтылған және бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Енді ауыл жастары мен тұрғындары салауатты өмір салтын ұстанып, кәсіби бағытта спортпен айналысуға қол жеткізіп отыр.

Нысандардың ашылу салтанататына қатысқан аудан әкімі Ерлан Заипұлы Нұрмаханов тұрғындарды жаңа нысандармен құттықтап, бұл жобалардың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде: «Бұл нысандар – халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, ауылды өркендетуге бағытталған нақты қадам. Мәдениет пен спорт – ұлттың негізі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жалғасын таба береді», – деді.

Қазіргі таңда Бәйдібек ауданында спорт саласына баса мән беріліп отыр. Ауданда барлығы 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 ашық спорт алаңы халыққа қызмет көрсетуде.

Жалпы алғанда Бәйдібек ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мұндай жобалар өңірдің өсуі мен өркендеуінің айқын көрсеткіші. Мәдениет пен спорт саласындағы осындай бастамалар ауылдық жерлердің жаңғыруына серпін беріп, жастардың білім мен тәрбиеге, салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, бұл нысандар ауыл тұрғындарының қоғамдық өмірге белсенді түрде араласуына, ұлт болашағын қалыптастыратын рухани-мәдени құндылықтарды сақтау мен дамытуға зор ықпал етеді.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясындағы бұл жобалар мемлекеттік саясаттың ел мүддесіне жұмыс істеп жатқанын білдіреді. Бәйдібек ауданындағы игі істер жалғасын тауып, болашақта тағы да көптеген әлеуметтік жобалар халыққа жол тартатынына сенім мол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *