Мақтааралдық шаруалар су үнемдеу технологияларын ендіріп, өнімділікті арттыруға күш салуда

Агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау – ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемді толғандыратын проблема. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлардың белең алуы алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы мүмкін. Осы орайда ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қолға алынуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 млн. гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысының үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады.

Су үнемдеу технологияларын ендіріп, өнімділікті арттыруға Мақтаарал ауданында «Хамро-Ата» шаруа қожалығы өз үлесін қосуда. Қожалық қытайлық «Peng Seng» компаниясының тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, 310 гектар егістік алқапқа мақта дақылын егуде. Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесіп, жауапты басшыларға жаңа технологиямен мақта егу алқаптарын көбейтуді міндеттеді.

Абдужалил Боев басшылық жасайтын шаруа қожалығына тартылған жобаның жалпы инвестициялық құны 500 млн. теңгені құрайды. Жобаның ерекшелігі – дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын су 50%-ға үнемделіп, өнімділік 60-70 центнерге артады.

Жалпы аудан бойынша ағымдағы жылы 2000 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 500 гектар мақта, 346 гектар қырыққабат, 793 гектар бақша және жаңбырлатып суару технологиясымен 30 гектар жоңышқа егіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *