Сарыағаштық кәсіпкер 50 тоннаға дейін балық өнімін шығаруды жоспарлауда
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ауданға қарасты Жібек жолы ауылдық округі, Жаңа тұрмыс елді мекенінде орналасқан «Азаткүл» шаруақожалығына арнайы барып,балық өнімдерін өндіру шаруашылығының жұмысымен танысты.
«Азаткүл» иелігіндегі 5 гектар жер учаскесінің 1,80 гектар жер учаскісінде жасанды көл жасалған. Шаруашылық иесі Нұрсейіт Дүйсенов балық өндіру кәсібімен 2022 жылдан бастап айналысуда. Қазіргі таңда балықтың: сазан, белоамур, толстолоп түрлері өсірілуде. Балықтың сан алуан түрін өсірумен айналысатын мекеме ағымдағы жылы 50 тоннаға дейін балық өнімін алуды жоспарлауда.
Аудан әкімі кәсіпкердің жұмысын оң бағалап, ісіне сәттілік тілей отырып, кәсіпкерлерді қолдауға әрқашан дайын екенін атап өтті. Айта кетейік, жалпы облыста соңғы жылдары балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан бұл салаға кең қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітіліп, 10 жыл ішінде өңірде тауарлық балық өсіру көлемін арттыру көзделген.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр. Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі елді мекендерде балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Алдағы уақытта балық шаруашылығын облыстағы жетекші салалардың біріне айналдыру көзделіп отыр. Балық өсіруді үйрететін мектепке өңір кәсіпкерлерінің қызығушылығы жоғары.
Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сүйенсек 2022 – 6120 тонна, 2023 жылы 6660 тонна тауарлы балық өндірілді.