11 жасар Гауһар Президент алғысына ие болды

Кентау қаласында тұратын 11 жастағы Гауһар Шаймерденнің есімі бүгінде Қазақстан жұртшылығына жақсы таныс. Тасқын кезінде Құлсары халқына өзі жинап жүрген қаржысын аударған қаршадай қыз өнегелі ісімен дүйім жұрттың сүйіспеншілігіне бөленген еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен Кентау қаласында тұратын Гауһар Шаймерден есімді оқушы қызды ерекше атап өткім келеді. Ол өзі жинап жүрген қаржысын Құлсары қаласының тұрғындарына аударған. Осылайша, шын жүректен елге көмектесуді ойлаған Гауһардың ата-анасына отаншыл ұрпақ өсіріп жатқанына алғыс айтамын» деді.

Кентаудағы гуманитарлық жүк жөнелтетін пунктке келіп, ақшасын табыстаған оқушының өзі: «Құлсарыға көмек ретінде «копилкамды» апарып берейінші дедім мамама. Сөйтіп, мен сияқты балалар аш қалмасыншы, солар тойып жүрсінші дедім. Сосын мамам «жарайды» деді.  Солай біз «копилканы» апарып бердік» деген еді.

Гауһар Шаймерденнің анасы Гүлшат Елқондиева көп балалы ана. Ол отбасындағы төртінші қызының осындай кең пейілді, мейірімді болып өсуіне әжесінің тәрбиесі ықпал еткенін айтады. Баланың бойына рухани-адамгершілік  қасиеттерді ұялатып, адамдық асыл қасиеттерді игеруге ықпал ететін ата-әжелер көп болса дейсің!

Адам баласының бойындағы әділеттілік, мейірімділік, рақымдылық, адалдық, жомарттық, қонақжайлылық, бауырмалдық, намысқойлық тәрізді ізгі қасиеттерді жүрек ісі деп түйген Абай жүректі негізгі орынға қойды. Ұлы Абай он төртінші қара сөзінде: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені.  Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі» деген еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *