Сайрамда тағы бір спорт кешені ашылмақ
Сайрам ауданында замануи үлгіде спорт кешені салынуда. Толығырақ айта кетейік, жақында аудан әкімі Арман Сәбитов Қарасу ауылына арнайы барып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын бақылады.
Аталған нысанның құрылысы үшін бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, бүгінде мердігер мекеме «НурТехСервис» ЖШС тарапынан нысанның сыртқы әрлеу және электр желілері мен жылу жүйелерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанды жіті қадағалаған аудан басшысы атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары бойынша мердігер мекеме өкілдеріне сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының сапалы салынуын, жұрт игілігіне маусым айында берілуін тапсырды.
Айта кетейік, Түркістан облысында 3814 спорт нысаны тіркелген. Оның 2673-і білім беру мекемелерінде орналасқан 3056 нысан ауылдық жерде (80%), 758 нысан қалаларда (20%) тіркелген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 38,4 пайызға жетіп (жоспар 31 пайыз), жоспар толығымен орындалған.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараевтың айтуынша, облыста спорт инфрақұрылымын саралау нәтижесімен ауылдық жерлерде спорт нысандарын қажет ететін 96 елді мекен анықталып отыр. Талапқа сай емес спорт нысандары сарапталып, есептен шығарылуда. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» республикалық жобасы аясында өңірде 7 нысан (Бәйдібек – 2, Созақ – 1, Төлеби –1, Жетісай – 2, Мақтаарал – 1) құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Биыл 12 нысанның құрылысы аяқталады.
2023 жылы аудан, қалаларда 44 нысан жеке инвестициялар есебінен салынып, пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі – 3 млрд. 939 млн. теңге.