Шымкентте қызылшамен науқастанушылардың 90 пайызы екпе алмаған
Шымкент қаласы бойынша қызылшамен науқастанушылардың саны 2312 жағдайға жетті. Оның баршасы зертханалық және клиникалық түрде расталып отыр. Науқастанушылардың 80 пайызға жуығын 14 жасқа толмаған балалар құрайды. Сондай-ақ, мамандардың сөзінше аталған дертті жұқтырушылардың 90 пайызы екпе алмаған. Сондықтан дәрігерлер көпшілікті екпені уақытылы қабылдауға шақыруда.
«Қалада 2021-2022 жылдары қызылша ауруы тіркелмеген. Ал биыл күн сайын тұрғындар арасында қызылша аурушаңдығының таралуы белең алып, өршуде. Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз жол — вакцинация. Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады», — дейді Шымкент қаласының СЭБД бөлім басшысы Жанар Жақсылықова.