Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға егілді

Биыл Түркістан облысында 873 мың гектар жердің 497 мың гектарына жаздық дақылдар, 202 мың гектарына күздік егіс, 175 мың гектарына жоңышқа егілді. Сала мамандарының мәлімдеуінше, бүгінде жоспарланған көктемгі дала жұмыстары 85 пайызға аяқталды.

Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді. Өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенінде сұраныстың артуына байланысты егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдылық берілгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, масақты дақылдар 8 мың гектарға (281 мың. га) малазықтық дақылдар 6 мың гектарға (230 мың. га) көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға (129 мың. га) артығымен егіледі. Ал, мақта дақылы 11 мың гектарға (100 мың. га), майлы дақылдар 6 мың гектарға (77 мың. га) қысқарады. Сондай-ақ ерте пісетін әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егіс көлемі 2 мың гектарға ұлғайтылып, 22 мың гектарға орналастырылды. Атап айтқанда, қырыққабат 400 гектарға (8 мың га), пияз 100 гектарға (2 мың га), сәбіз 700 гектарға (2 мың га), картоп 1 мың гектарға (10 мың га) артығымен егілді.

Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдық берілуде. Осы мақсатта биыл тәжірибе негізінде жаңа әдіспен мақта дақылы 3000 гектардан астам аймаққа егілді. Бұл технологияның тиімділігі – суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, кемінде гектарынан 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.

Көктемгі дала жұмыстарына қолданыстағы 22 мың бірлік техника қызмет атқаруда. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 12 мың трактор, 1 мың дән сепкіш, 554 соқа, 1 мың қопсытқыш құралдары бар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *