Түркістан облысында жыл сайын 40 мың әйел скринингтен өтеді
Түркістан облысында ағымдағы жылдың 5 айында 20 840 нәресте дүниеге келді. Ал, 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 1 маусымына дейін 71 668 нәресте дүниеге келді. Бүгінде өңірімізде барлық облыстық перинаталдық орталықтарда «Ұрықты қорғау орталығы» ашылып, жұмыс істеуде. Айта кетейік, жақында Түркістан қаласында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Алматы қаласындағы «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» және «Медициналық генетиктер қауымдастығы» аймақтық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шараның мақсаты – медициналық мамандардың жүкті әйелдерге пренаталдық скрининг жүргізудің, ұрықтың туа біткен және тұқым қуалайтын патологияларын диагностикалаудың тиімді әдістерін үйрету, жаңа туған нәрестелерге неонатальды және селективті скрининг жүргізу алгоритмі жөнінде кеңінен мағлұмат беру. Сондай-ақ, осы іс-шара арқылы елімізде сирек кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеуде мультидисциплинарлық тәсілді енгізу үшін мамандандырылған медицина қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін көтеру де көзделген.
Конференция аясында Түркістан облыстық №3 перинаталдық орталығында медицина ғылымдарының докторы, профессор Гульнара Святованың «Орфандық (сирек кездесетін) аурулармен ауыратын науқастарға медициналық-генетикалық кеңес беру» тақырыбындағы шеберлік-сабағы өтті. Оған науқастар, аймақтық педиатрлар және өзге де мамандар қатысты.
Конференцияға қатысушылар генетика саласындағы соңғы жетістіктермен танысып, орфандық ауруларды ерте анықтау және дәрі-дәрмек тағайындау бойынша эксперт мамандармен тәжірибе алмасты.