Түркістан облысындағы 10 акушер-гинеколог Санкт-Петербург қаласында біліктілігін арттыруда
2024 жылғы 1 маусымнан бастап №2 облыстық перинаталдық орталығында «Бір күндік клиника» пилоттық жобасы іске қосылып, бүгінгі таңда 60 жүкті әйел тексеруден өтті. Жобаның мақсаты — жүктіліктің бірінші триместріндегі денсаулық жағдайын диагностикалау. Барлық процедуралар заманауи құрал-жабдықтармен жүзеге асырылады. Бір күн ішінде клиника мамандары келесі қадамды анықтау үшін генетикалық диагностика жүргізеді.
Сонымен қатар, 2024 жылғы 16 маусымнан бастап облыстың 10 акушер-гинеколог, 22 неонатолог және педиатр дәрігерлер Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласына біліктілігін арттыруға жолданды.
Айта кетейік, Түркістан облысында медицина саласы бойынша 45 мемлекеттік мекеме, 700-ден астам ұйым және 130 жеке меншік мекеме, оның ішінде 36 емхана бар.. Жылына облыс халқына 3 миллионнан астам клиникалық-диагностикалық, 900 мыңнан астам жедел жәрдем, 3,5 мыңға жуық санавиация қызметтері көрсетіледі. 2023 жылы облыс халқы 14 миллионнан астам амбулаторлы қабылдауға жүгінген. 2 миллионға жуық стационарлы көмек көрсетілген.
Өңірде бүгінде бірнеше медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қарастырылған. Бұдан бөлек, 73 медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету нысандарына қажеттілік бар. Бұл мәселені шешу үшін инвесторлар тартылуда. Биыл 8 аудандық ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Ұлттық жобаға сәйкес 4 аудандық аурухана көпбейінді ауданаралық аурухана болып бейінделеді. Осыған сәйкес, Жетісай, Ордабасы, Сайрам аудандарында және облыстық клиникалық ауруханасында және Кентау қалалық ауруханасында таза аймақ құрылуда.