Сарыағашта шаруаларды ағын сумен қамту жұмыстары қарқын алды

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне қарасты, Бағыс елдімекенін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 

Бүгінде Ақжар ауылдық округіне қарасты Бағыс елді мекеніндегі «Сифон» құбырлы каналын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, биыл сәуір айынын бастап мердігер  мекеме  «Сәулет 2012» ЖШС-і тарапынан жалпы 5,3 шақырым құбыр тарту жұмыстарын атқаруда.

Ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылаған аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне және су шаруашылығы мекеме басшысына  ескертулер айтып, жөндеу жұмыстарын тездетіп, сапалы аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, өңірімізде су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқын алған. «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» және «ҚР Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысаны пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай–Қосқорған–2» су қоймасы салынып, жылына 31 млн. текше метр ағын су қосымша жеткізілуде. Ал, «Түркістан магистральды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.

Нәтижесінде бұрын ағын су 43 пайызға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 млн. текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.

Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *