Сарыағаш ауданы Ақжар ауылдық округінде инфрақұрылымдық жобалар іске асуда

Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Атап айтқанда, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, елді мекендерді көркейту және коммуналдық қызмет сапасын арттыру негізгі басымдық ретінде қарастырылып отыр. Осыған орай, аудан әкімі Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, елді мекендегі инфрақұрылым саласындағы жобалардың орындалу барысын пысықтады.

Ақжар елді мекенінде Д.Қонаев көшесінің бойындағы ұзындығы 2,3 шақырымға созылатын су ағар науаларын ауыстыру жұмыстары басталды. Бұл — ауыл ішіндегі су басу қауіпін азайтып, жолдың ұзақ мерзімді сақталуын қамтамасыз ететін маңызды жоба. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жобаны іске асыру үшін сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті қаржы бөлінген. Аудан басшысы құрылыс орнына барып, мердігерге материал сапасына ерекше мән беруді, жұмыс кестесіне сай әрі сапалы атқаруды ескертті.

Ол, сондай-ақ, ауыл әкімдігіне жобалардың сапалы орындалуын бақылауды, тұрғындармен кері байланысты күшейтуді тапсырды. Ақжар ауылдық округінің әкімі Серік Спатаевқа құрылыс барысындағы тұрғын ұсыныстарын ескеру тапсырылды.

Сапар барысында Арман Абдуллаев Ақжар ауылдық округімен шекаралас Дербісек ауылдық округі аумағындағы облыстық маңызы бар жолдың бойындағы тазалық жұмыстарын да назарға алды. Аудан басшысы бұған дейінгі берген тапсырмалардың орындалу барысын тексеріп, тазалық – тұрғын мәдениетінің көрінісі екенін, бұл бағытта жұмыс тұрақты және жүйелі жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Дербісек ауылдық округінің әкімі Дәулет Артықбайға жол бойындағы абаттандыру мен санитарлық тазалықты ұдайы бақылауда ұстау тапсырылды. Мұндай жобалар тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартумен қатар, өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Су ағарлар мен жол бойындағы жарық, санитарлық тазалық – өмір сапасының көрсеткіші.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында: «Ауылды көркейту – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, оларға сапалы өмір сүруге мүмкіндік жасау деген сөз. Инфрақұрылымсыз – даму болмайды», – деп атап өткен. Сарыағаш ауданында іске асып жатқан жобалар осы Президент тапсырмасының нақты жүзеге асып жатқанының айғағы.

Бүгінде Сарыағаш ауданында ауылішілік жолдарды жөндеу, аяқжолдар мен су жүйелерін қалпына келтіру, жарықтандыру мен абаттандыру, сондай-ақ кәсіпкерлік пен әлеуметтік саланы қолдау бағыттарында көптеген жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы əртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркəсіп кешенінің əлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы міндеттерді орындау мақсатында Сарыағаш ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға тоқтала кетсек. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында былтыр 11 елді мекенде құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылды. Нəтижесінде 51 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 150 орынды кітапхана мен Мəдениет үйі ел игілігіне берілді. Елді мекендерде спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы 309 млн. теңгеге 34 жоба қаржыландырылған болса, биыл 499 млн. теңгеге 42 жобаны қаржыландыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 24 маманға 9 млн. теңгеге бір реттік көтерме жəрдемақы, 14 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 103 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1 мектеп пайдалануға берілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 25 пайызға, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3 пайызға өсті. Инвестиция мен құрылыс жұмыстарының да көлемі өскен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *