Сарыағашта ауыл көшелеріне аяқжол төселіп, жарық бағаналары орнатылды

Сарыағаш ауданында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту мен елді мекендерді абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын арттырып, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар. Осы мақсатта аудан әкімі Арман Абдуллаев Жемісті ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Аудан басшысы Құрманғазы көшесінің бойында төселген аяқжол мен орнатылған жарық бағаналарын аралап көрді. Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы жүріп-тұруын қамтамасыз етуге арналған бұл жоба бүгінде толық аяқталып, пайдалануға берілген.

– Ауыл – елдің тірегі. Елді мекендерді көркейту, жарықтандыру және қауіпсіз жаяу жүргіншілер жолын салу – тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетудің басты тетігі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, – деді аудан әкімі.

Сапар барысында Арман Абдуллаев ауылдық округ әкіміне тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, ауыл келбетін жақсартуға бағытталған бастамаларды күшейтуді тапсырды.

Жемісті елді мекеніне қарасты Құрманғазы көшесіне заманауи жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, 12 дана жарықтандыру шамы орнатылып, ауыл тұрғындарының кешкі уақытта қауіпсіз әрі ыңғайлы қозғалысына мүмкіндік жасалды. Жобаны іске асырушы мердігер – «Абразив» ЖШС-і, құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде сапалы орындалды.

Мемлекет басшысы ауылдық жерлерді дамыту мәселесін ұдайы назарда ұстап келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында: «Ауыл – халқымыздың алтын бесігі. Ауыл инфрақұрылымын жаңарту – ұлттық дамудың маңызды бағыты. Әрбір ауыл тұрғыны сапалы жолмен, жарықпен, сумен қамтамасыз етілуі керек», – деп атап өткен болатын. Сарыағаш ауданында жүзеге асып жатқан бұл жұмыстар – Президент тапсырмаларын орындаудың нақты мысалы.

Соңғы жылдары Сарыағаш ауданында инженерлік-коммуникациялық жүйелерді жаңарту, жол жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жарықтандыру және санитарлық жағдайды жақсарту бағытында ондаған жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл тек ауыл келбетін ғана емес, халықтың тұрмыс деңгейін, қауіпсіздігін және өмір сапасын арттыруға бағытталған. Айталық, Жемісті ауылдық округіндегі абаттандыру жобасы – ауданның ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық салада тұрақты даму үстінде екенін айғақтайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *