Жасыл экономика және кәсіпкерлік: Сарыағашта жүйелі даму бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында: «Қазақстан жасыл экономика қағидаттарын ұстануға тиіс. Қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу – ел болашағы үшін маңызды міндет. Біз табиғатты қорғаумен қатар, экономикалық тиімділікті де көздеуіміз керек», – деген болатын. Президент тапсырмаларын орындау мақсатында өңірлерде экологиялық және кәсіпкерлік салаларды қатар дамытудың нақты тетіктері жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі – Сарыағаш ауданы.
Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Темір Қырықбаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына келіп, жасыл экономика және өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сапар аясында ол бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, тұрғындармен пікірлесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Атап айтқанда, халық қалаулысы Құркелес ауылдық округіндегі «Amantay-plast» өндіріс цехының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын өңірдегі қайта өңдеу бағыты бойынша бірегей жоба саналады. Мұнда күн сайын 4 тонна пластик қалдықтары өңделіп, 10 мың дана пластикалық жәшік дайындалады. Өнімдер еліміздің барлық аймақтарына жөнелтіліп, экспорттық әлеуеті де артып келеді. Кәсіпорында жергілікті 30 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл жоба – өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықты да күшейтетін маңызды бастама.
Депутат өндіріс орнының жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарымен кездесіп, көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды назарға алды.
Жұмыс сапары барысында Темір Қырықбаев Сарыағаш қаласында бой көтеріп жатқан 900 орындық жаңа үлгідегі «Жайлы мектептің» құрылыс барысымен де танысты. Қазіргі таңда мектеп маңындағы инфрақұрылым тарту және абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер мекеме жобаны уақытылы тапсыруға ниетті екенін мәлімдеді.
Бүгінде Сарыағаш ауданында инфрақұрылымды жаңарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, білім беру нысандарын салу, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту бағыттарында ауқымды жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Өңірдің экономикалық құрылымында қайта өңдеу, агроөнеркәсіп, жеңіл өнеркәсіп және туризм салалары дамудың басты басымдықтарына айналған.
Айта кету керек, жуырда аудан әкімі Арман Абдуллаев инвестиция тарту мақсатында «Аль-баракад» ЖШС өкілдерімен кездесіп, Дарбаза ауылдық округінде салынып жатқан индустриалды аумақтан күнбағыс майын өндіретін зауыт салу жобасын талқылады. Қуаттылығы тәулігіне 45 тонна болатын зауыт жыл соңына дейін іске қосылмақ. Жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын бұл жоба жергілікті шикізатты өңдеуге және құнарлы мал азығын өндіруге жол ашады.
Сандарға сүйенсек, Түркістан облысы кәсіпкерлік саласында еліміз бойынша көш бастап тұр. 2024 жылғы сәуір айындағы жағдай бойынша өңірде 209 991 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға көп. Жалпы еліміздегі барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 10 пайызы – осы облысқа тиесілі. Сондай-ақ, биылғы жылы шағын және орта кәсіпкерлік саласында 295 209 адам жұмыспен қамтылып, бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 3,1 пайызға өскен. Ал аталған сектордың өндірген өнім көлемі 23 пайызға артып, 2,5 трлн теңгеге жуықтаған.
Бұл көрсеткіштер – Мемлекет басшысының «Тиімді экономика – қуатты өңір», «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын басшылыққа алған мемлекеттік саясаттың өңірлерде нақты нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді. Сарыағаш ауданы осы даму бағытына серпін беріп, экологияны қорғау мен экономиканы әртараптандыру жолында ауқымды қадамдар жасап келеді.