Президент тапсырмасы: Сайрам ауданында 172 жобаға инвестиция тартылып, 1894 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда
Сайрам ауданының экономикасы биыл да айтарлықтай өсім көрсетіп, Президенттің Жолдауында айқындалған стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыруда. Айталық, ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы жылдың 5 айында 113,9 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 32,6%-ға өсті (2024 жылдың 5 айында 85,9 млрд. теңге болған). Ал жалпы жылдық жоспар 354 млрд. теңгені құрайды, бұл 13,4% өсімге тең. Бұл көрсеткіштер экономиканың тұрақты даму жолында екенін айғақтайды.
Жалпы өнімнің 32,9%-ы ауыл шаруашылығына, ал 26,8%-ы өнеркәсіп саласына тиесілі. Ауыл шаруашылығында биыл 37,5 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өсім 4,1%-ды құрады. Өсімдік шаруашылығында 1,6 млрд. теңге өнім өндірілген болса, мал шаруашылығында 35,6 млрд. теңгенің өнімі алынған. Жыл басынан бері 14,9 мың тонна ет, 71,8 мың тонна сүт өндірілді. Ал алты айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 44,6 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. Биыл агроөнеркәсіп кешенінде жалпы өнім көлемі 160 млрд. теңгеге дейін ұлғаймақ.
Өнеркәсіп саласында да өсім бар. 5 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 30,5 млрд. теңгені құрап, 14,6%-ға артты. Биылғы жылға өнеркәсіп өнімінің көлемі 67,1 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарланған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 110%-ға өскенін білдіреді.
Құрылыс саласында да даму байқалады. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 3,8 млрд. теңгені құрап, 15,4%-ға өскен. Биылғы жылы 38 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, оның көлемі өткен жылға қарағанда 22%-ға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6 айға 8,4 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарлануда, ал пайдалануға берілетін тұрғын үй алаңы 54,4 мың шаршы метрге жетеді.
Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өсті — 29,2 млрд. теңге, бұл өткен жылға қарағанда 2,4 есеге көп. Инвестициялардың 73,6%-ы жеке сектордан түсіп отыр. Биыл жыл соңына дейін инвестиция көлемін 170 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда, оның көбісі жеке инвестициялар есебінен болады.
Өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған 21 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Жалпы құны 49,8 млрд. теңге болатын бұл жобалардың нәтижесінде 1308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдан бастап төрт жоба іске қосылды, оның ішінде «Kaz Eco Meat» ЖШС-гі, «Meat Magnat» өндірістік кооперативі және «DAK INVESTMENT GROUP» ЖШС-гі мал бордақылау кешені, мал сою алаңы мен ет өңдеу бағытындағы жобалар бар. Сонымен бірге, жеке кәсіпкер Убаев биылғы жыл соңына дейін мал қалдықтарын өңдейтін цехты іске қосады деп жоспарлануда.
Мамыр айында жеке кәсіпкер Мырхалықовтың мал сою кешені мен бордақылау алаңы, сондай-ақ ЖК «Otay Food» қатпарлы қамыр өңдеу цехы өз жұмысын бастады. Ал, тамызда алкогольсіз сусындар шығаратын «U-Drinks» зауыты және 3 мың тонналық көкөніс-жеміс сақтау қоймасы бар «Shagyr Fruit» ЖШС-гі іске қосылды. «Завод автотехнологии» ЖШС-гі арнайы жасақталған көліктер құрастыратын зауыт пен «Kuzov Karabulak» ЖШС-гі ауыр жүк көліктерінің тіркемесін шығаратын зауыт жыл соңына дейін жұмысын бастайды. Австралиялық технология бойынша мал сату биржасын ашу жоспары бар «Red Gold» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және жылыжай құрылысының екінші кезеңін бастаған «Gen Group Kazakhstan» ЖШС-гі де ірі жобалар қатарына кіреді.
Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Арыс ауылдық округінде «Сайрам агро» индустриалды аймағы құрылды. Бұл аймақ 587 гектарға созылып, онда 100 мың бас мал бордақылау алаңдары, мал сою және мал өнімдерін қайта өңдеу орындары, құрама жем зауыты, тауарлы сүт фермалары мен органикалық биоотын өндірісін қамтитын жобалар іске асырылмақ. Барлығы 172 жобаға 72,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1894 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткендей, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласын дамыту – еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының негізі. Мемлекет басшысы ауылды дамытудың басты жолы – инвестиция тарту, өндірісті жаңғырту және инфрақұрылымды нығайту екенін баса айтты. «Тұрақты дамудың басты шарты – өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және кәсіпкерлікті қолдау» деген Президенттің сөзі Сайрам ауданындағы ағымдағы жұмыстардың стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Жалпы, Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамыту, инвестициялар тарту, өндірістік әлеуетті арттыру бағытында атқарылған жұмыстар халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеріп, ауданның тұрақты әрі динамикалық дамуына негіз болады. Алдағы уақытта да өңірдің әлеуетін арттыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және өндірісті кеңейту бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасын табады.
