«Әжелер алқасына» жүктелер міндет ауқымды
Осыдан он бір жыл алдын Түркістан облыстық Ардагерлер Кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» құрылып жұмысын бастаған еді. Жастар тәрбиесімен айналысатын бұл ұйым барлық аудандарда ашылды. 2013 жылдың 20 сәуірі күні Шардара аудандық Ардагерлер Кеңесі жанынан да «Әжелер алқасы» дүниеге келді. Бұл ұйымның басшылығына ардагер ұстаз, Шардара ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденін иеленген Жамал Төлешева апайымыз сайланды. Жарты ғасырға жуық ұстаздық қызметті жемісті атқарып, соның ішінде «Шардара» орта мектебіне жиырма жылдан артық директор болған, ҚР білім беру ісінің үздігі Жамал Өтегенқызы «Әжелер алқасын» да жоғары деңгейде басқара білді. Жамал апай өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аудан мен облыс көлемінде көптеген игі істерді атқарды. Жанадан құрылған қоғамдық ұйымның жұмысы қалай басталып, қалай жүргізілгені баршамыздың көз алдымызда өтіп келді.
Жамал Төлешева жетекшілік жасаған жылдары ардагер апа-әжелеріміз айтарлықтай шаруалар атқарып, есімдері облыс көлеміне танылды. Жамал Төлешева апайымыз басқарған жылдары ауданда «Ақ әжелер» ансамблі құрылып, жұмысын бастады. Көркемдік жетекшісі «Күміс» және «Алтын алқа» иегері, Шардара ауданының Құрметті азаматы Жарылқасын Мүтәлиева әнші ғана емес, баспадан бірнеше кітабын жарыққа шығарған ақын-жазушы да. «Ақ әжелер» ансамблі аудандық «Шардара туралы әндер» байқауында жоғары өнер көрсеткені үшін бас жүлдеге ие болды. «Әже -ұлттың ұйытқысы» тақырыбында өткен облыстық байқауда ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарын жан-жақты насихатттағаны үшін жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болды. Түркістанның 5 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық «Өнерлі өлке» фестиваліне де «Ақ әжелер» ансамблі қатысып, І орынды иеленді. Әжелеріміздің бұл жетістігі – Шардара ауданында «Әжелер алқасы» атқарып жатқан еңбектің нәтижесі деп білеміз.
2022 жылы 80 жылдық мерейтойын атап өткен Жамал Өтегенқызы жасының ұлғаюына байланысты төрайымдық қызметті Гүлзәкира Исаеваға табыстаған болатын. Гүлзәкира Дауланбекқызы да бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған, ұзақ жылдар бойы «Шардара» мектеп-лицеінде деиректордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, зейнет демалысына абыроймен шыққан ұлағатты ұстаз еді.
Жаңа қоғамдық жұмысты Гүлзәкира Исаева тез арада-ақ меңгеріп әкетті десек болады. Аудандық ардагерлер Кеңсінің төрағасы Тоқсанбай Бердібековпен бірлесе жоспар түзіп, атқаратын іс-шараларды бір жүйеге түсіріп алды. Қазіргі таңда Шардара қаласы мен 10 ауылдық округтерде ұлағатты аналардан құралған 100-ге тарта әжелер қауымы «Әжелер алқасы» бекіткен іс-жоспарға сәйкес ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттерді жастар бойына сіңіруде нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Шардаралық ақ жаулықты аналарымыз қазіргі таңда тәрбиелік мәні зор көптеген іс-шаралардың ұйымдастырылып, жүзеге асуына мұрындық болып отыр. Атап айтар болсақ. «Бесікке салудың жөн-жоралғылары мен ырымдарының тәрбиелік негіздері», «Желек алу жосығы», «Сыбаға тарту», «Әжелер батасы», «Бесік жыры», «Тұсаукесер», тағы басқа да осы сықылды халқымыздың дәстүрлерін жастар арасында насихаттаумен айналысады. «Әжелер алқасы» аудандық перзентханамен тығыз байланыс орнатып, қоян-қолтық жұмыс жасап келе жатқанын атап өткіміз келеді. Перзентханада сәбилі болған жас аналармен кездесу өткізіп, шілдехана ретінде іс-шара ұйымдастырып отырады. Әжелер қауымы мұнда бөпелі болған жас келіндер мен шақалақтарына көрімдік беріп, енді ана болып отырған жас келіншектерді құттықтайды. Оларға «желек алу» дәстүрін жасап, ол туралы мағлұмат береді. Ауыл елге сыйлы әжелер «бауы берік болсын» деп бата беріп, аналықақылын айтады. Мұндай пайдалы шаралар жиі өткізіліп, ауданда жарық көретін «Өскен өңір», «Шартарап-Шарайна» газеттерінде тұрақты түрде жарияланып отырады.
–Абыройлы да қастерлі міндетті өз мойныма алғанымды терең сезінемін. Ендігі мақсат — «Әжелер алқасының» жұмысын одан әрі дамыту болмақ. Бұл жұмысты атқару үшін өзімнің ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибемді, білімім мен бойдағы бар күш-жігерімді сарқа пайдаланатын боламын. «Әжелер алқасына» төрайымдыққа келгелі жылдың ішінде біраз шаруаларды жүзеге асырдық. Алда мұнан да ауқымды жұмыстар күтіп тұр. «Үлкендер жолы — ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып», «Қарттарымызды қастерлей жүрейік», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Үлгілі ене, өнегелі келін», «Сырғалым — сырласым», «Өнерлі қыз — өнегелі келін», «Абысын татулығы — бауырдың жақындығы», «Әжелер сөзі -тәрбие көзі», «Жеңге мен қайынсіңлі арасындағы қарым-қатынастың тәрбиелік мәні», «Қыздарға өнегелі тәрбие берудің жолдары», тағы басқа тақырыптарды қамтыған іс-шаралар ұйымдастырылды. «Дәстүр», «Сыр сандық», «Қыз өссе елдің көркі», «Ынтымақ — ырыс қазығы», «Байлық басы — денсаулық», «Елін сүйгеннің еңсесі биік», және басқа да тақырыптармен жұмыс бағыттары жасалынып, ол жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп отыр.
Иә, бүгінгі жахандану дәуірінде жастарымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсіп, отаншыл, ұлтжанды болып қалыптасуларына ата-әженің тәлім-тәрбиесі ауадай қажет-ақ. Өйткені, Тәуелсіз елдің ертеңгі тұтқасын ұстайтын да осы жастар. Болашақ ұрпақты тәрбиелеуде әжелердің рөлі зор. Жас шаңырақтың шайқалмауы, қыз-келіншектердің әдепті болуы, келіндерге өсиет, халқымыздың салт-дәстүрін сақтау сияқты тағы басқа да толып жатқан жұмыстарға бірінші кезекте әжелер араласады. Әже деген баланы әдептілікке тәрбиелейді. Әженің ақылымен қыз бала көргенді болып өседі. Бір сөзбен айтқанда «Әжелер
алқасының» жұмысы ұрпақ тәрбиесінен бастап, қазіргі қоғамның береке -бірлігін сақтауға үлкен үлес қосады.
«Әжелер алқасына» жетекшілікке келген Гүлзәкира Дауланбекқызы да кәсіби педагог, осы салада енбек етіп, жауапты қызметтер аткарған, өмірлік жиған тәжірибесі мол, ұйымдастырушылық әлсусті жоғары жан екенін шардаралықтар жақсы біледі. Білгендіктен болар, осынау бір жауапты міндетті ұлағатты ұстазға сеніп тапсырып отыр. Ұстаздықпен қатар басқа да көптеген қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасында жүріп ысылған, сый-қөұрметі мен абырой-беделі жетіп-артылатын Гүлзәкира Исаеваның сенімді ақтайтынына титтей де күмәніміз жоқ.