Ол экономиканың барлық саласына ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң әсерін тигізеді

Қазіргі таңда АЭС-ке келгенде көпшіліктің пікірі қақ жарылып отыр. Сала мамандарының мәлімдеуінше, елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың 70 пайыздан астамының тозығы жеткен. Әлем елдері мен Еуропалық одақ жасыл энергетиканы қолдау мақсатында көміртектің ауаға таралуын азайтуды көздеп отыр. Осыны ескерсек, халықты үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін АЭС салуға тура келеді әрі бұл тиімді нұсқа деуге болады.

Қазақстанда АЭС салынатын болса, ол экономиканың да барлық саласына ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң әсерін тигізетін болады. Әсіресе, жоғары технологиялардың жедел дамуына мүмкіндік береді.

Мұны былай қойғанда, АЭС құрылысы басталса, оның елдің дамуына ықпал ететін бірнеше мультипликативтік әсері болады. Айталық, құрылыс жұмысына 8 мыңға дейін жұмыс күші тартылады, АЭС пайдалануға берілетін болса, 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, АЭС-тің отандық экономиканың дамуына да ықпалы зор. Елімізге тартылатын инвестиция көлемі артады. Ал, бұл өз кезегінде ел қазынасына түсетін салық көлемін ұлғайтады.

Сонымен қатар, АЭС салынатын болса, 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушылар сенімді энергиямен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы, АЭС қоршаған ортаны мұнай, газ, түтін мен күл сияқты адам денсаулығына зиянды заттармен ластамайды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде Франция, Бельгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия секілді дамыған мемлекеттерде атом стансалары электр энергиясын өндіруде негізгі көзге айналып, энергетикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп келеді. Айта кетейік, әлем елдеріндегі ең көп атом электр стансасы АҚШ-та салынған екен.

Сала мамандары Қазақстанда уран қоры мол болғандықтан, оны елімізде пайдаланудың маңызы зор екенін айтады. Атом электр стансасында ең алдымен қауіпсіздікке баса көңіл бөлінбек. Онда 8 балдық жер сілкінісіне, қатты жел мен дауылға төтеп беретін герметикалық төзімділігі мықты реактор қойылмақ.

Ел Үкіметі энергия тапшылығының алдын алу үшін жоспар бекіткен болатын. Онда 2035 жылға дейін қуаттылығы 26,5 ГВт болатын электр стансасы іске қосылады. Оның ішінде АЭС құрылысы да қарастырылып жатыр. АЭС референдумның оң нәтижесі болған жағдайда ғана салынады. Ал, қарастырылып жатқан АЭС-тың қуаттылығы 2800 МВт-ға дейін жетеді. Бұдан басқа қолданыстағы көмір электр стансаларын жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Газ электр стансасын салу жоспары да бар.

Атом электр станциясы энергетика тәуелсіздігін жояды дегенімізбен, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы естен шығармауымыз абзал.

Амангелді Қабылбеков,

Сайрам ауданы әкімдігі жанындағы ҚХА – ның ақсақалдар кеңесінің төрағасы

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *