24 сағат бойы тұрақты жұмыс істейтін электр стансаларын салу керек-ақ
Қазіргі таңда атом электр станциясын салуға келгенде қоғамның пікірі екіге бөлініп отыр. Бірі оның энергияның тапшылығын жоюға үлкен үлес қосатынын айтса, екінші тарап қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіруде. Дей тұрғанмен, ғалымдар алдағы уақытта елімізде энергияның жетіспеушілігінде мәселеле туындауы мүмкін екенін алға тартып, АЭС-ті салу қажеттігін ұсынып отыр. Осы жағынан келгенде АЭС-ке оң көзқарас танытқанымызбен, әлі де ойланатын тұстары баршылық. Сондықтан, бұл мәселеге келгенде асығыс шешім қабылдауға болмайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атом энергиясын дамыту тақырыбы жайында әңгіме қозғаған болатын. Өйткені, елімізде жыл өткен сайын электр энергиясына деген тапшылық сезілуде. Соңғы жылдары елімізде облыстар мен қалалардың аумағы кеңейтіліп, көптеген кәсіпорындар мен шаруашылықтар іске қосылды. Бұл өз кезегінде электр энергиясына деген сұраныстың бұрынғыдан бірнеше есеге арта түсетінін аңғартады. Сондықтан, оны шешуде атом электр станциясын салудың тиімділігі мол болмақ.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, АЭС салу мәселесі қазіргі таңда елімізде қызу талқылануда. Оның нәтижесі 6 қазан күні өткізілетін жалпыхалықтық референдумда нәтижесінде белгілі болады. Ол үшін халық бұл жобаның елімізге қаншалықты тиімді екендігін, оның қоршаған ортаға төндірер қауіп-қатерін толық білуі тиіс. Ғаламтордағы ақпараттарға сүйенсек, бүгінде әлемде үлкен қаржы орталықтары көмірмен жұмыс істейтін стансаларды қаржыландырудан бас тартуда. Сонымен қатар, мұндай стансаларға салынатын салық пен айыппұл көлемі де ұлғайтылып отыр.
Қазіргі таңда елімізде электр қуатының 70 пайызы – көмірден, 20 пайызы – газдан, 3 пайызы – жаңартылатын энергия көздерінен, қалған 7 пайызы судан өндіріледі. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда 148 нысан жұмыс істеуде. Олардың ішінде жел, күн, су электр стансалары бар. Бұлардың өнімі мемлекетімізде өндірілген барлық энергия өнімінің 6 пайызын құрайды. Дегенмен, жел жоқ болса немесе күннің көзі көрінбесе, ол энергия да болмайды. Осы тұрғыдан келгенде 24 сағат бойы тұрақты жұмыс істейтін электр стансаларын салу керек-ақ.
Алиев Мухаммед Али — «Мұрагер» Бейбітшілік шарты әскері күштерінің Ардагерлері Республикалық қоғамдық бірлестігі Сайрам ауданы бөлімінің төрағасы