Массаж жасауды ұлы үйренген Алтынай қазір кәсіп ашып, халыққа қызмет көрсете бастады
Кентау қаласының тұрғыны Алтынай Қартабаева 2024 жылдың бірінші легінде массаж кабинетін ашу жобасы арқылы грант иегеру атанып, бүгінгі таңда қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Кейіпкеріміз мемлекеттен берілген грант қаражаты 1 476 800 теңгеге массаж кабинетіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алыпты. Нүктелі массаж жасауды Алтынай Қытай Халық Республикасының Үрімжі қаласына баласын емдету мақсатында барған кезінде ұлына массаж жасату барысында қызығушылығы оянып үйренген екен. Себебі мүмкіндігі шектеулі баласы бар ана болғандықтан, ол массаждың баласына өмір бойы керектігін және оның қасында үнемі өзі болатындықтан массажды үйренуі тиіс екенін түсінген. Ұлына массаж жасай жүріп уақыт өте келе массаж жасауға қабілеті мен қолының ебі барын білген соң, еліміздегі ірі қалалардағы арнайы массаж курстарында білімін жетілдіріп, массаждың барлық түрін үйренеді.
Бүгінде ол массаж орталығын ашып, халыққа қызмет көрсетуде. Айта кетейік, өңірде жаңа бизнес жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырыстары ұйымдастырылды. Биыл грант беру жұмыстары 2 лек бойынша жүзеге асады делінген болатын. Атап айтқанда, бірінші лек өтінімдері мамыр айында қабылданса, екінші лек өтінімдері шілдеде қабылданды.
Жалпы биыл облыста еліміздегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған болатын. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде бірінші лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірді. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал, қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған.
Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына, 227-сі ауыл шаруашылығы саласына, 298-і қызмет көрсету саласына, 91-і тамақ өндірісі саласына, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.