Алтын құрсақ аналар ардақталды
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес наградталған арыстық көп балалы аналарға алтын және күміс алқаларын табыс етті. Нақтырақ айтқанда, 7 және одан көп баласы бар үш анаға «Алтын алқа» табысталса, 6 баласы бар 21 анаға «Күміс алқа» берілді.
«Алтын алқа» белгісі ҚР ордені мәртебесіне ие. Қала басшысы алтын құрсақты аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ананың рөлі ерекше. Баласын елдің қызметіне лайықты азамат ретінде тәрбиелеген жан – барлық мақтауға лайық. Отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді шаһар басшысы.
Төстеріне алқа таққан аналар да әкімге алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, жыл басынан бері 146 ана «Алтын» және «Күміс» алқамен марапатталды. Қазіргі таңда Арыс қаласы бойынша 2634 Батыр ана бар. Барлық Батыр аналарға ай сайын табысына қарамастан мемлекеттен жәрдемақы беріледі. Бұдан бөлек, барлық Батыр аналар қоғамдық көліктерге тегін мінеді.
Айта кетейік, Түркістан – халық саны жағынан еліміздегі көшбасшы өңір. Тиісінше көп балалы аналар саны жағынан да ел бойынша алдыңғы орында. Жыл сайын республикамызда дүниеге келетін 400 мыңнан астам баланың әрбір жетіншісі Түркістан облысының еншісінде. 2023 жылы өңірде 54 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашты.
Бүгінде оОблысымызда 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Сонымен қатар, біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз.