Сарыағаш ауданында 10 жайлы мектеп салынуда
Қазіргі таңда өңірімізде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның бірі ретінде Сарыағаш ауданында салынып жатқан 10 жайлы мектепті айтуға болады.
Қазіргі таңда Сарыағаш қаласында құрылыс жұмыстары Телемұнара шағын ауданында 900 орындық және Б.Оспанов көшесінің бойынан А. Сүлейменов атындағы 300 орындық мектептердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Алғашқы білім нысаны бойынша мердігер мекеме тарапынан мектеп ғимаратының Б және Г блогтарының жабын қабаттарына темір бетон құю жұмыстарына дайындық жұмыстары сонымен қатар, ғимараттың В блогына кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құрылыс жұмыстарына 75 адам жұмылдырылған.
Сонымен қатар, Б.Оспанов көшесінің бойынан салынып жатқан нысанның жер жұмыстары толығымен аяқталып, іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы Самал-3 мөлтек ауданынан 1500 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Дербісек ауылдық округі, Дербісек елді мекенінде салынып жатқан 900 орындық «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы тарапынан қаржы бөлінген. Қазіргі таңда білім беру ордасының бірінші қабаты толығымен аяқталып, екінші қабатына кірпіш қалау жұмыстары жүргізілуде.Сонымен қатар, жоғарғы үшінші қабаттының жабын плиталары құйылуда.
Қызылжар ауылдық округі Жаскешу елді мекенінде «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 900 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аталған елді мекендегі қолданыстағы мектептің сыйымдылығы төмен болуына байланысты «Жайлы мектептің» құрылыс жұмыстарына «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы тарапынан қаржы бөлініп, бүгінде мердігер мекеме тарапынан бірінші қабатына кірпіш қалау жұмыстары толығымен аяқталды.