Созақта құрылыс қарқын алды
Жақында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков бірқатар ауылдар мен шағын елді мекендерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Алдымен Ақсүмбе елді мекенінен бастап, күрделі жөндеуден өтіп жатқан Ақсүмбе ауылдық клубы мен кітапханасында болды. Онда қосымша жасалу керек жұмыстарды нақтылап, жауапты мамандарға тапсырма берді.
Сондай-ақ, ауыл маңында ағын су салдарынан бүлінген жолдарды реттеу үшін де нақты міндеттер жүктеді. Бұған қоса түнгі жарықшамдар орнатылатын көшелер мен ауыл тазалығына тоқталды. Мұнан кейін Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолдағы су өткізгіш құбырлардың күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, Қарақұр ауылындағы құрылыс нысандарын аралады.
Қарақұр ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратының құрылысын жақын уақытта аяқтау көзделсе, ауыл жастары бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау мақсатында заман талабына сай жабдықталған жабық футбол алаңының құрылысы басталды.
Аудан басшысы аталған ауылдардан соң аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінде болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, құрылыс нысанының жай-жапсарына жан-жақты тоқталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Созақ ауданында өңірдің әлеуметін жақсарта түсуге бағытталған жұмыстар жалғасын табуда. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан тұрғындарымен кездесуінде: «Созақ ауданының әлеуеті өте жоғары. Өңірдегі ең өзіндік кірісі мол аудан. Біздің мақсат – даму деңгейін бұдан да биікке көтеру. Әсіресе, өндірісті дамыту, кәсіпорындар ашу аса маңызды. Сондықтан индустриалды аймақтың инфрақұрылымын толық реттеп, жұмысты жандандырыңыздар», – деген болатын.