Түлкібаста пластикалық құбырлар шығарыла бастады
Түлкібас ауданындағы «Стас и К» өндірістік кооперативі жылына 15 мың тонна платикалық құбыр шығаруға қауқарлы. Бүгінде құрылыс саласында сұранысы жоғары түрлі диаметрдегі пластик құбырларын шығаруда.
Жақында аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен бірге аталмыш өндіріс ошағына барды. Кооператив директорының орынбасары Әбдірахман Тәжібаевпен нысанды аралап, алдағы жоспарларына құлақ асып, өндірісті ұлғайту бойынша ұсыныстарын тыңдады.
Өз өнімімізді қолдау мақсатында жауапты бөлім басшысына ауданда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарына барынша осы жердің құбырларын қолдану керектігін ескертіп, кәсіпкерге бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласына аса қажетте тамшылатып суғару құрылғысының бөлшектерін шығаруды ұсынды.
Сонымен қатар өндіріс аумағын ұлғайту мақсатындағы жобаларына мемлекет тарапынан Заң талаптарына сай барлық қолдау түрлері көрсетілетінін жеткізді.Айта кетейік, бүгінгі таңда өндіріс орнында екі ауысымда 20 адам жұмыс істеуде.
Айта кетейік, бүгінде облыста инвестиция тартуға және өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген.Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиындардың бірінде өңір басшысы: «Инфрақұрылым, жер және өзге де мәселелер бойынша инвесторларға қолдау көрсетіңіздер. Ал, инвесторлар мен кәсіпкерлер, сіздер жұмыстарыңызға кедергі болып жатқан мәселелерді ашық айтыңыздар. Әкімдік тарапынан не атқарылуы керек? Біз өз міндетімізді орындаймыз. Кәсіпкерлер де өздері бастаған жобаларын созбалаңға салмауы тиіс», – деген болатын.
Инвесторлардың айтуынша, Созақ ауданындағы уран өңдейтін зауыт құрылысы бойынша жұмыстар басталған. Ал, Арыста франциялық инвестордың көмегімен электровоз жөндейтін сервистік орталық салу жоспарланып отыр.