Созақта «балық байлыққа бастайды» деушілер көбеюде

Созақ ауданында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлер саны артып келеді. Жақында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған кәсіпкерлердің шаруашылығымен танысып, кәсіп иелерімен пікір алмасқан болатын.
Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды. Өткен жылдың қараша айында 850 келі толстолоб балығын салып, қазіргі уақытта өнімін сатуға дайындауда. Шабақ күйінде жіберілген балықтар 2-3 келіге дейін ет жинаған.
Сонымен қатар, шаруашылықты жолға қойған кәсіпкердің қатарында Амангелді Әділжан да бар. 8,3 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 10 000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберді. Тоғанның аумағы 15 сотық, тереңдігі 2 метрге дейін барады. Бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер келешекте қосымша 3 тоған қазып, шаруашылығын арттыруды жоспарлап отыр.
Жалпы ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы балық шаруашылығын дамыту мақсатында 7 азамат 56,6 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, кәсібін ашуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығын дамытушы кәсіп иелері 25 000 форель, 30 000 сазан, 4 000 толстолоб, барлығы 59 000 балық өсіруде.
Бұған қоса, 3 азамат ауыл шаруашылығы жайылым жерлерінің мақсатын балық шаруашылығына өзгерту жөнінде өтініш қалдырған. Бұл азаматтар алдағы уақытта өз қаражаты есебінен кәсібін ашуды жоспарлауда.
Айта кетейік, өңірімізде балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан бұл салаға кең қолдау көрсетілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бекітіліп, 10 жыл ішінде өңірде тауарлық балық өсіру көлемін арттыру көзделген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *