«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі
Ағымдағы жылдың 6 қазанында елімізде жалпыұлттық референдум өткізілмек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір көрінісі және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі болатынын атап өткен болатын. Шын мәнінде, елімізде жаңа қоғамдық-саяси мәдениет қалыптасып, негізгі мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың жаңа стандарттарының іргесі қалануда.
Республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап жергілікті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын, референдумды дайындауды және өткізуді ұйымдастырудың тәртібі мен ережелерін түсіндіре бастады. Сайрам ауданында бүгінгі таңда референдумға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Аудан әкімінің қатысуымен бірнеше жиын өткізіліп, аумақтық референдум комиссиясының мүшелеріне оқу-семинарлары ұйымдастырылды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 5 шілдесінде республикалық референдум туралы заңнаманы жетілдіру мақсатында тиісті Конституциялық заңға түзетулер қабылданған болатын. Қазіргі таңда комиссия мүшелеріне референдум туралы жаңартылған заңнаманы түсіндірілуде. Негізгі жаңашылықтардың қатарында-ұлттық және халықаралық байқаушылардың, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттерін бекіту (бұрын бұл мәселе референдум туралы заңнамамен реттелмеген, осыған байланысты сайлау туралы Конституциялық заңға сілтеме нормасы көзделген). Сонымен қатар, жаңартылған заңнамада бұқаралық ақпарат құралдарының референдумды әзірлеу мен өткізу барысын жария ету тәртібі айқындалған (осы мәселеде бірыңғай қолдану практикасы мақсатында сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес өзгерістер енгізілді).
Референдум өткізу кезеңінде қоғамдық пікірге сауал салу жүргізудің негізгі аспектілері түсіндірілуде. Олар түзетулерге сәйкес сайлау заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуі тиіс. Айта кетейік, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу кезiндегi жариялылыққа баса көңіл бөлінеді. Яғни, референдумды ұйымдастыру мен өткiзу ашық әрi жариялы жүзеге асырылады. Референдумды өткiзу туралы шешiм мен оған қойылатын мәселе (мәселелер) азаматтардың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткiзiледi. Референдум комиссиялары референдум өткiзудi ұйымдастыру жөнiндегi өзiнiң жұмысы туралы, дауыс беретiн учаскелер құру, комиссиялардың құрамы, орналасқан жерi және жұмыс уақыты туралы, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi туралы азаматтарды хабарландырады. Референдум өткiзу кезiнде аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың атынан өкілдік ететін Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.
Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға дайындық пен оны өткiзу барысын жария етiп отырады. Олардың өкiлдерiнiң референдум өткiзуге байланысты іс-шараларға баруына кепiлдiк берiледi. Сайлау учаскелерінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің болуы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес реттеледі.
Референдумға қатысу құқығы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез-келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Республиканың өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да болмасын тiкелей не жанама шектеуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жазаланады. Азаматтар референдумға тең негiздерде қатысады және олардың әрқайсысы тиiсiнше бiр дауысқа не тең дауыс санына ие болады. Азаматтар референдумға тiкелей қатысады.
Сонымен қатар, республика азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе (мәселелер) бойынша жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi. Барлық баспа үгiт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәлiметтер болуға тиiс. Бұқпантай үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысқа, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылыққа, сондай-ақ қатыгездiк пен зомбылыққа табынуға үгiттеуге жол берiлмейдi. Референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады. Дауыс беретiн жайлардан басқа жерлерде бұрын iлiнген баспа үгiт материалдарының, плакаттардың бұрынғы орындарында сақталуы мүмкiн.
Орайы келгенде науқанда қол жинаудың тәртiбi туралы да тілге тиек ете кетейік. Референдумның бастамашыл тобы топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәліктi алған күннен бастап азаматтардың қолын жинауды ұйымдастырады әрi мұны республикалық референдумға қатысу құқығы бар топ мүшелерi жүзеге асырады. Референдумның бастамашыл тобына қол қою парақтарын берудi Орталық сайлау комиссиясы топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiктi тапсыра отырып бiр мезгiлде жүзеге асырады. Қол қою парағына бастамашыл топ референдумға ұсынған мәселенiң (мәселелердiң) тұжырымдамасы енгiзiледi. Қол жинайтын адам бастамашыл топты және ол референдумға ұсынған мәселенi (мәселелердi) тiркеу туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетедi.
Әрбiр азамат қол қою парағына тек бiр рет қана қолын қоюға хақылы. Бұл ретте азамат жеке басын куәландыратын құжатын көрсетедi. Азаматтың қолы оның тегiн, атын, әкесiнiң атын, тұрғылықты жерiн, оның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелерiн және параққа қол қойылған күндi көрсетумен толықтырылады. Толтырылған әрбiр қол қою парағына қол жинаған адам қолын қоюға тиiс. Белгiленбеген үлгiдегi қол қою парақтары, сондай-ақ осы Конституциялық заңның өзге де талаптары бұзылып толтырылған қол қою парақтары жарамсыз болып табылады. Қол жинау аяқталғаннан кейiн үш күн мерзiмде толтырылған қол қою парақтарын қол жинаған адамдар аумақтық сайлау комиссиясына тапсырады, ол құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктер беру жөніндегі уәкілетті органның жұмыскерлерін қатыстыра отырып он күн мерзiмде қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексередi, тиiстi хаттама жасайды және оны Орталық сайлау комиссиясына жiбередi.
Қорыта айтқанда, алдағы уақытта елімізде өткізілетін жалпыұлттық референдум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі болмақ.
Асылхан БЕКЖАНОВ,
Сайрам ауданының аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары