Бізге «лас» энергиядан бас тарту мүмкін болмай тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елімізде атом энергетикасын дамыту аса маңызды екенін атап өткен болатын. Осыған байланысты жалпыұлттық референдум өткізу арқылы атом электр стансасын салу мәселесін шешуді ұсынды. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, әлемнің 31 елінде қуаты 373735 Мвт болатын 415 ядролық энергоблок жұмыс істеуде. Одан басқа 15 елде қуаты 62637 Мвт болатын 57 реактор салынып жатыр. Бүгінде ядролық энергетикалық қуаты жоғары елдердің қатарына АҚШ (94 реактор), Франция (56 реактор), Қытай (55 реактор), Ресей (36 реактор), Оңтүстік Корея (26 реактор), Канада (19 реактор) және Жапония (12 реактор) кіруде. Болашақта бізде аталған елдермен иық тіресетіндей деңгейге жетуіміз керек.
Орайы келгенде атом электр станциясының пайдалы тұстарына тоқтала кетейік. Атом электр станциясы салу біз үшін тұрақты энергия өндірудің жалғыз жолы. Сонымен қатар, ол «Жасыл энергияның» да негізі болып табылады. Сондықтан, қазіргі таңда атом электр станциясын салуға қызығушылық танытып отырған елдер де көп.
Жалпы атом электр станциясы бізге үзіліссіз энергия және «жасыл энергия» беріп қана қоймайды. Ол еліміздің экономикалық жағынан дамуына, білім мен ғылымның өркендеуіне жол ашады. Ғалымдар атом энергетикасының қоршаған ортаға келтірер пайдасына мынадай мысалдар келтірген екен. Айталық, бір келі уран 100 тонна көмірдің немесе 60 тонна мұнайдың беретін энергиясын шығарады. Бір атом электр стансасы жылына 20 миллион тонна көмір қышқыл газының (СО2) атмосфераға тарауына жол бермейді.
Әрине, қоршаған ортамыздың ластануына жол бермеу қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Тіпті, мұнымен қазір бүкіл әлем күресуде. Өйткені, алдағы 10 жылда адамзат ауадағы улы заттардан арылмаса, мұның соңы климаттық апатқа әкеп соқтыруы мүмкін. Мұны ғылымда «декарбонизация» деп атайды. 2016 жылы Парижде 175 ел ауаға көмірқышқыл газының шығарылуын азайту мақсатында климат жөніндегі келісімге қол қойған болатын.
Әзірге бізге электр энергиясын тұтын-уды азайту мүмкін болмай тұр. Өзіңіз ой-ланып көріңізші, жыл сайын біздің электр энергиясымен жұмыс істейтін техникалары-мыздың қатары артып келеді. Бір ас бөлмесінің өзінде күніне үш-төрт мезгіл қолданатын техникаларды санап шықсаңыз, сөзімізге көз жеткізесіз. Сондықтан, әзірге бізге «лас» энергиядан бас тарту мүмкін болмай тұр.
Оның орнын экологиялық таза заттармен алмастыратын күн және жел электр стан-цияларын іске қостық. Дегенмен, олар бізге тұрақты түрде үздіксіз электр энергиясын бере алмайды. Олардың жұмысы ауа-райына тікелей байланысты. Ал, атом электр станциялары ауа-райына тәуелді емес. Қажетті деңгейге энергия өндіре алады. Онда пайдаланылған отын реактордан алынады, ол сыртқа ағып кетуіне жол бермейтін арнайы контейнерлерге салынып, біраз уақыт су астында сақталады, содан кейін құрғақ қоймаға тасымалданады. Сондықтан, мен атом электр станциясын салуды қолдаймын.

Төремұратов Нұрғиса — ҚР журналисттер одағының мүшесі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *