Біз тыныстайтын ауамызды зиянды заттардан қорғай алуымыз керек
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша елімізде ағымдағы жылдың тамыз айында телефон арқылы сауалнама жүргізілді. Іріктемелі жиынтық көлемі 1200 респондентті құрады. Сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысыпты.
Жалпы, сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (53,1%) АЭС салу идеясын қолдайтынын жеткізген. Мен де осы топқа кіремін. АЭС дәл қазіргі таңда, яғни жаһандану уақытында бізге аса қажет дүние. Өйткені, энергияны түнде ғана емес, күндіз де көп пайдаланудамыз. Қолымыздан бір сәт түспейтін ұялы телефонның өзі де электр қуатымен ғана жұмыс істейді. Осыдан-ақ біздің электр қуатына тәуелді болып отырғанымызды аңғаруға болады. Екіншіден, АЭС салу арқылы біз тыныстайтын ауамызды зиянды заттардан қорғай аламыз. Атом энергиясы «жасыл энергия көзіне» жатады. Әрине, қазіргі таңда елімізде «жасыл энергия» пайдаланылуда. Дегенмен, біз қолданып жатқан «жасыл энергия», яғни күн мен жел энергиясы ауа-райына байланысты жұмыс істейді. Сондықтан, біз одан үздіксіз энергия өндіре алмаймыз.
АЭС салу идеясын қолдайтындар оған үлкен үміт артады, соның ішінде 2030 жылға қарай электр тапшылығы мәселесі шешіледі деп сенеді. Сонымен қатар, осы сауалнама арқылы АЭС салу идеясының қарсыластары (32,5%) негізінен ықтимал апаттар мен олардың қоршаған ортаға тигізетін зардаптарына алаңдаушылық танытатыны белгілі болды. Әрбір оныншы респондент (14,4%) өз таңдауын әлі жасамаған екен. Расында да қазір қоғамымызда АЭС-тің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп отырғандар бар. Алайда, ғалымдар мен зерттеушілер АЭС қауіпсіздігіне түрлі дәлелдер келтіруде. Тіпті, соңғы жылдары АЭС салынған мемлекеттердің өзі де жаңа технологиямен АЭС салуға қызығушылық танытуда. Осыдан-ақ, оның қауіпсіз болатынына көз жеткізуге болады.
Акрамов Сунетулла — «Халық сөзі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы