АРЫСТА 2 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРҒЫНЫ БАР АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ
Қала күні мерекесі қарсаңында Арыс қаласына қарасты ең шалғай орналасқан ауылдардың бірі – Жиделі елді мекенінде табиғи газ жүйесі іске қосылды.
Шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, мердігер мекеме өкілдері мен сала мамандары, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты. Шаһар басшысы ауыл халқына ізгі тілегін жеткізіп, бұл бастаманың ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары да бұл игілікті істің жалғасын табарына сенім білдіріп, ауылға жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылықтарын жеткізді. Жоба аясында 2 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылды. Бұл – әсіресе қыс мезгілінде отын тасу мәселесі қиындық тудыратын Жиделі тұрғындары үшін үлкен қуаныш.
Айта кетейік, бұған дейін Байырқұм мен Көкжиде елді мекендері көгілдір отынға қосылған болатын. Ендігі кезекте Аққала ауылын газдандыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі