Президент тапсырмасы: Биыл Түлкібас ауданында 18 инвестициялық жоба іске асырылып, 642 жаңа жұмыс орны ашылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өнеркәсіпті жаңғырту – еліміздің экономикалық тұрақтылығының негізі. Біз өңірлердегі өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Жеке секторға тартылған инвестициялар арқылы жаңа өндіріс орындары ашылып, халықтың жұмыспен қамтылуы артуы тиіс. Мемлекет кәсіпкерлікке және инновациялық жобаларға барлық мүмкіндікті қамтамасыз етеді» деген болатын.

Түлкібас ауданының инвестициялық жобалары мен өндірістік кешендері дәл осы Президенттік міндеттердің нақты іске асу жолындағы маңызды қадам болып табылады. Аудан экономикасының өсуі және жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Түлкібас ауданында биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,7 пайызға өсті (2024 жылғы 6 ай – 8,4 млрд теңге). Бұйыртса, биылғы жылға аудан өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 20,9 млрд теңгеге жетеді деп күтілуде.

Ауданда экономиканы дамыту мақсатында тартылып жатқан инвестициялар көлемі де едәуір артты: 6 айда 17,0 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 73,7 пайызды құрады (2024 жылғы 6 айда – 9,5 млрд теңге). Тартылған инвестицияның 91,6 пайызы жеке сектор есебінен іске асырылды. Бұл өңірге сенімнің артып, кәсіпкерлік белсенділіктің нығайғанын білдіреді.

Түлкібас ауданының өндірістік әлеуетін арттыру және бюджет кірісін ұлғайту мақсатында биыл жалпы құны 49,3 млрд теңгені құрайтын 18 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жобалардың нәтижесінде 642 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Алдымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша айталық. Майтөбе ауылындағы «Түлкібас жеміс-жидектері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жылына 5 000 тонна жеміс-жидекті қайта өңдеуді жоспарлап отыр. Жобаның құны – 1,1 млрд теңге. Жұмыс орындарының саны – 20 адам, салық түсімі – 39,3 млн теңге. Қазір Қытайдан алманы қайта өңдейтін құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылған, жоба іске асырылуға дайын. Ал, Шақпақ баба ауылындағы «Кен-Тау» ЖШС-і сыйымдылығы 2 200 тонналық жеміс сақтайтын қойма салуда. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны – 25 адам, салық түсімі – 30,2 млн теңге.

Өнеркәсіп саласында да бірнеше жоба іске асырылмақ. Састөбе кентіндегі «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-і жылына 400 мың тонна әк, 1 млн тонна цемент, 200 мың тонна кальций карбиді, 120 мың тонна ПВХ және 100 мың тонна каустикалық сода өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны – 180 млрд теңге, оның ішінде биыл 32 млрд теңге бөлінген. Ашылатын жұмыс орындарының саны – 940 адам. 2025 жылы әк өндіру жүйесі және әкімшілік ғимараты іске қосылады деп күтілуде.

Күмісбастау ауылындағы «Beibars Bottlers» ЖШС-і ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндірісін жүзеге асырады. Қуаттылығы жылына 85 мың тонна. Жобаның құны – 9 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны – 94 адам, салық түсімі – 87 млн теңге. Жоба толық іске қосылды.

Т. Рысқұлов ауылындағы жеке кәсіпкер «Оразбекова Камар» сүт өнімдерінің кешені 39 млн теңгеге салынып, 11 жұмыс орны ашты. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды.

Машат ауылындағы жеке кәсіпкер «Медеу -55» ет өнімдерін қайта өңдеу кешені ағымдағы жылы қыркүйекте іске қосылады. Жобаның құны – 300 млн теңге, ашылатын жұмыс орны – 10 адам, салық түсімі – 1 млн теңге.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *