Түркістан облысында тоқыма саласында 75 зауыт ашу жоспарлануда
Түркістан облысы еліміз бойынша мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір болып табылады. Мақта шаруашылықтарында 25 мың агроқұрылымдарда 70 мыңға жуық шаруалар еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналуда.
Дегенмен мақта саласындағы негізгі түйіткілді мәселе бағаның тұрақсыздығы шаруалардың алдынан шығуда. Себебі, елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр. Республикда мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесінде мақта талшығының қайта өңделген көлемі 18 пайыздан аспайды. Мәселенің шешудің жолы – облыста мақта-тоқыма кластерін құру. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауқымды жұмыстар басталды.
Былтыр «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді. Оған сәйкес 4 басым бағыт белгіленген. Атап айтқанда, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу және мақта кластерін құру. Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделуде. Нәтижесінде мақта бағасына алдағы жылдары тәуелділік жойылатын болады. Түркістан облысында мақта — тоқыма саласында 75 зауыт – фабрика ашу жоспарланған.
Осы мақсатта, былтыр Мақтаарал ауданында Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырылды. Жылдық қуаттылығы 60 мың тонна мақта талшығын шығару. Зауытта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Өткен жылы мақта өңдеу зауыты 40 мың тонна шитті мақтаны қабылдады. Зауытты заманауи қытайлық технологиямен жарақтандырудың нәтижесінде, күніне 600-650 тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік берді.