Балалы аналарға көмектескім келеді

Мен көпбалалы анамын. Уйде бала күтімімен отырмын. Соған қарамай, қолымнан келгенше табыс табуға талпынып жүрмін. Алғашқыда үйде отырып тәттілер пісіріп сатқан болатынмын. Қазір, Құдайға шүкір, осы кәсібімді ары қарай дөңгелетіп келемін. Той-томалақ, туған күн секілді әртүрлі салтанатты іс-шараларға тапсырыс қабылдап, тәттілер пісіремін. Мен кондитерлік сала бойынша білім алған емеспін. Содан да бұл салада біраз қиындықтарға тап болдым, оны жасырмаймын. Өз ісімді сүйіп істегендіктен болар, менде артқа шегіну туралы ой болмады. Ең алдымен Алла, одан кейін  ата-енем, жан-жарым мен балаларым үлкен қолдау көрсетті. Соның арқасында алдыма қойған мақсатыма қарай жылжып отырдым.

Сауран ауданында іскер әйелдер қауымдастығы құрылғанда оның басшысы Дильназа Анарбайқызы мені өзінің камандасына шақырды. Мен бұл ұсынысқа бірден келісім бердім. Өйткені, қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде араласқанды жаным сүйеді. Қазіргі таңда Шыпан ауылының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымымын. Менің алға қойған мақсаттарым өте көп.

Соның бірі ретінде жақында өзімнің авторлық жеке шеберлік сабағымды откізгелі отырмын. Мен кезінде өзім секілді қазір үйде отырған қыз-келіншектердің жұмыс істеуіне септігімді тигізсем деп ойлаймын.

Бүгінде Түркістан облысында 400 мыңнан аса отбасы бар, оның 183 мыңнан астамын көпбалалы аналар құрайды. Оның ішінде 17 мыңнан аса «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірімізде әйелдер қауымы барлық салаларда жемісті еңбектер көрсетуде. Облыс көлемінде шамамен 213 020 кәсіпкер болса, оның 68 000 мыңға жуығы – шағын және орта бизнеске басшылық жасап жатқан әйел азаматтар.

Ибрагимва Нигора Шерматқызы

Шыпан ауылындағы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *