Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын.
Ел тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Халқымыз қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің есімдерін еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсетуді әр уақытта да есінен шығарған емес.
1921 жылдан бастап 1954 жылдар аралығында КСРО-да шамамен 3 млн 700 мың күнәсіз азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады, оның 600 мыңға жуығына өлім жазасы берілді. Ал қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды.
Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды.
Зұлмат жылдарда Қазақстанға КСРО-ның түкпір-түкпірінен бес миллионнан астам адам жер аударылды.
Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сияқты көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, басқа да ұлт зиялылары бар.
Орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, біздің халқымыз өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Қатыгездікке бой алдырған жоқ, сан ғасырлық даналығын да жоғалтпады.
1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданған болатын. Соның нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды.
Ақтау шаралары әлі де жалғасып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде: «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз», деген болатын.