Қоғамдық келісім кеңестері қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етеді

Жалпы ҚХА Қоғамдық келісім кеңестерінің мақсаты қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мен дамытуда азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және басқа бірлестіктердің күш-жігерін шоғырландыру болып табылады. Сондықтан, Қоғамдық келісім кеңестері қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту, ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істейді. Халық пен қоғамның билік органдарымен сындарлы өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Азаматтық қоғам институттары мен билік органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ете отырып, кеңестер мемлекеттік органдардың осы салада әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі іс-шаралардың орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.

Айталық, жақында Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында орналасқан Оңтүстік Қазақстан индустриалды — инновациялық колледжінің мәжіліс залында Сайрам аудандық орталық кітапхана және «Қоғамдық келісім» КММ-і Сайрам аудандық филиалы қызметкерлерімен бірлескен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара өткізілді. Шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәди Абайұлы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы басшысы Базарбай Мамадиярұлы, индустриалды — инновациялық колледжінің директоры Нұргүл Нұрекенова, аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Аналар кеңесінің мүшелері және этнос жастары қатысты.

Бұл – қазақ тарихындағы қаралы күннің бірі. Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы. Осы мақсатта өткізілген шара соңында ауданымыздың Құрметті азаматы Әлібек Байназаров саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының рухына арнап Құран бағыштады.

Реті келгенде ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің тарихына да тоқтала кетейік. ҚХА қоғамдық келісім кеңесін құру бастама ең алғаш рет Батыс Қазақстан облысында пайда болды. Этномәдени бірлестіктердің тәжірибесін қорытындылай келе, сондай-ақ еңбек ұжымдарының жұмысын зерделей отырып, барлық күштер мен мүмкіндіктерді бір құрылымға біріктіру туралы шешім қабылданды. Осылайша, билік пен қоғамның өзара әрекеттесу құралына айналған қоғамдық келісім кеңестері құрылды.

Кеңес құрамына ерікті түрде кез келген еліміздің азаматы кіре алады. Дегенмен, кеңесті құру кезінде кандидаттардың аймақтағы немесе белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірліктің қоғамдық келісімді және ұлттық біртұтастықты нығайтуға қосқан үлесі, сондай-ақ олардың мүше ретіндегі міндеттері ескерілетінін де айта кетейік. ҚХА қоғамдық келісім кеңестері ағымдағы жағдайды талдайды, аймақтағы әлеуметтік және басқа да жанжалдардың алдын алу және шешу бойынша ұсыныстарын әзірлейді, тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуды көздейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *