Төлебиде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 11 нысанның құрылысы басталды

Ауылдардың инфрақұрылымы мен әлеуметтік жағдайын жақсартып, ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылып, тұрмысын түзеуге арналған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы Төлеби ауданында сәтті жүзеге асып келеді. Өңірдегі бірқатар елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдар жетілдірілуде. Бұл жоба биыл да жалғасын тауып, 723 млн теңгеге 11 нысанның құрылысы жүргізіле бастады.

Биыл ауданда бірде — бір мәдениет ошағы жоқ Киелітас ауылдық округінде 146 орындықты Мәдениет үйі мен Көксәйек ауылдық округінде спорт кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.

Сондай-ақ, 8 елді мекенге электр желілері жүргізіліп, трансформатор орнатылады. Жалпы, ұзындығы 7,5 шақырымды құрайтын 5 көшенің жолын орташа жөндеуге 159,1 млн теңге қарастырылды.

Ал, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Момынай елді мекенінде Мәдениет үйінің, Бірінші Мамыр елді мекенінде заманауи үлгідегі спорттық-сауықтыру кешенінің және футбол алаңшасының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Орайы келгенде айта кетейік, ағымдағы жылы Төлеби ауданында құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын су электр стансасының құрылысы басталатын болады. 3,2 мВт/сағ.  қуаттылыққа ие стансаның құрылысы 2025 жылы толық аяқталып, жиырмадан аса азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың айтуынша, былтыр өңірдегі өнеркәсіп саласында 45 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Қазіргі таңда осы сала бойынша тағы екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың бірі сөз басында айтқан станса болса, екіншісі – «KAZPLAST» ЖШС- інің Леңгір қаласында орналасқан киім тігу цехы. Бұл жобаның құны 1 млрд. 551 млн. теңгені құрайды.

Айта кетейік, өткен жылы Төлеби ауданындағы өңірлік өнім көлемі 145 млрд. теңгеге жеткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *