Жадыра дүкенге сатушы болып жұмысқа орналасты
«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңбері аясында жүзеге асырылатын «Қоғамдық жұмыстар» бағадарламасы бойынша жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылуда. Қоғамдық жұмыс – аула сыпырушы, тазалықшы секілді жұмысшылардан басқа өзге де кәсіп иелеріне арналады. Қоғамдық жұмыстарға қатысу мерзімі 12 айдан аспайды.
Сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа жолданып, кейіннен тұрақты жұмыс табатындар бұл бағдарламада жетерлік. Жұмыспен қамтудың белсенді шарасы саналатын аталған бағдарлама тек жас мамандар үшін ғана емес, әр жастағы жұмыссыз азаматтар үшін де зор мүмкіндік. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдардың жалақы мөлшері экологиялық үстемақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) төмен емес белгіленеді.
Төлеби ауданында осы бағдарлама арқылы жұмысқа жолданған азаматтардың бірі – Ахатова Жадыра. Кейіпкеріміз жыл басында жұмыссыз ретінде тіркеліп, ақпанда айында қоғамдық жұмыспен жеке кәсіпкер «Оскенова»-ға жолданған. Жадыра Ахатова дүкенге келген тұтынушыларға балалар киімін ұсынып қана қоймай, тазалығына да жауапты. Кейіпкеріміздің айтуынша таза, адал еңбек етіп жүргендігін мақтан тұтады.
Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту шараларының ішінде ең ауқымдысы – «Еңбек» бағыты. Бұл бағыт аясында әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, жұмыссыз азаматтар ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданады. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» секілді жобалардың барлығы осы бағыт аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жасыратыны жоқ, елімізде жастарға қарағанда егде жастағы адамдардың жұмыс табуы қиын. Зейнеталды жастағы адамдар жұмыс істеп, жинақтаушы зейнетақы қорына жарнасын аударып отырмаса, күні ертең оның зейнетақысы мардымсыз болып қалады. Сол себепті мемлекет «Күміс жас» жобасын іске асырды. Жобаға қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Оның тиімділігі осында болса керек.
Айталық, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Жобаға қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Бұл мерзім аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. Түркістан облысында осы жоба аясында 2023 жылы 2 103 адам жұмысқа орналасты.