Қызмет пен отбасыны қатар ұстап…

Күнде азанда үйдегі екі кішкентайды балабақшаға апарып тастап барып, екеуі жұмысқа кетеді. Кешке алып қайтады. Жұртшылық екі баланы танымаса да, олардың қолынан жетектеп жүретін ата-ананы жақсы таниды. Отағасы Мырзағали аудан әкімі аппаратында жалпы бөлімді басқарса, жұбайы Ғайшагүл аудандық орталық кітапхананың директоры. Танитындар екеуімен амандасып жатып:

-Немерелеріңіз бе? – деп сұрап қояды.

-Ой, мына қыздар жақсы қыздар екен өзі. Балдардың баласы ма? – дейді тағы біреуі.

-Немере емес, өзіміздің баламыз. Кенжетайларымыз, — деген жауапты естігендер шынымен таңғалып жатады.

Таңғалатын түгі жоқ, алтын асықтай ұл мен қыздар Қарымсақовтар әулетінің шаңырағына шаттық сыйлап келеді. Отанасы Ғайшагүл әпкеміз «Күміс алқаны», содан соң «Алтын алқаны» иеленді. 2 ұл мен 5 қызға өнегелі тәлім-тәрбие беріп, өсіріп-өндіріп отырған отбасыны аудан жұртшылығы жақсы біледі. Мырзағали Молдазымұлы ұзақ жылдан бері аудан әкімі аппаратында қызмет атқарады. Жалпы бөлімді басқарды, әкімге көмекші, одан ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болды, қайтадан жалпы бөлімге басшы болып тағайындалды. Отағасының мемлекеттік қызметті алаңсыз атқаруына жағдай жасай отырып, Ғайшагүл әпкенің өзі де мәдени-ағарту саласында еңбек етіп келеді. Жұбайы екеуі Әл-Фараби атындағы мәдениет институтын бітірген соң алғашқы жылдары Шымкент қаласындағы Оқушылар үйінде еңбек жолдарын бастаған. Елге келген соң Мырзекең аудан әкімдігінде қызметін жалғастырды да, келіншегі бірер жыл бала күтумен отырды. Кейіннен кәсіптік білім беретін мекемеге кітапханашы болып орналасты. 2002 жылы аудандық кітапханаға ауысып, одан жетекші маман болып мемлекеттік қызметке өтті. 2011 жылдан бастап аудандық орталық кітапханада директор қызметін атқаруда.

Қызметте жүрген азаматтар бала санын шектеп жататыны таңсық емес. Бұл отбасы құдайдың беріп тұрғанын көпсінген жоқ.

— «Балалы үй – базар» деп ата-бабамыз тегін айтпаған. Әр баланың өз несібесі бар. «Бала бағу азап, күнкөріс қиын» деп жататындармен өз басым еш келіспеймін. Отағасы екеуіміз кезінде бес баламызбен көп қабатты үйде де күнелттік. Бірді бірге жалғап, бала-шағамызды асырадық. Бала көп болса қайта бірін-бірі сүйрелеп, бір-біріне серік боп жүріп өседі. Алғашқы жылдары балаларыма енем қарайтын еді. Ол кісі тәжірибесі мол адам еді, бізден жақсы қарайды балаға. Енемнің арқасында Шымкентте алаңсыз қызмет істеп келдім. Кейіннен үлкен қызым жаныма көп желеу болды. Балабақшаның жоқ кезі ғой, жұмыста кезде кішкентай балаларымды соған тастап кете беретін едім. Енді ол кездер де арқада қалды. Бала дегенің демде өсіп кетеді екен ғой. Бір күні қарасақ ұл-қыздарымыз мектеп бітіріп жатыр, — дейді Ғайшагүл Амангелдіқызы.

Киелі Бәйдібектің бұла бойжеткеніне тағдыр шағалалы өңірге келін болуды жазыпты. 1992 жылы жиырмаға енді толып жатқан кезінде Сүткент ауылындағы Қарымсақовтар әулетінің табалдырығын оң аяқпен аттады. Жұбайы Мырзағалидың өзі он ағайынды екен. Молдазым атамыз бен Азат апамыздың бауырынан 7 ұл, 3 қыз өсіп-өрбіді. Әулеттің тұңғыш келіні болған Ғайшагүлге өзінің енесі өмірлік ұстаз болды. Білмегенін байыппен үйретті. Алғаш қазан көтерген кезде үйдегілерге тамақ  түгел жетпей қалатын кездерін әлі ұмытқан жоқ.

— Атамның ерке қызы боп өскен маған үлкен әулетке келін болу оңай бола қойған жоқ. Біздің ауыл мен бұл жақтың көп айырмасы бар екен. Тіпті, тамақтарының өзі ұқсамайды. Біз жақта палау деген асты ілуде бір, онда да той-жиында көретін едім, бұл жақта күнде жасайды. Маш, лобия дегенді өмірімде пайдаланып көрмеппін. Жолдасымның өзі күріш басып, палау демдегенді қатты жақсы көретін болып шықты ғой. Сосын қалай ол тамақты жасамайсың? Ақырында бәрін енем асықпай жүріп үйретіп берді. Менің ақылшы ұстазым да, сырласым да енем болды. Ол кісінің жақсылығын айтып жеткізе алмаймын. Марқұм боп кеткен енемді әлі сағынамын, — дейді Ғайшагүл әпке.

Әдеттегідей, тұңғыш ұлдарын шал-кемпір бауырына басты. Әлі күнге өзін атасының баласы ретінде санайтын Ерасыл бүгінде жоғары оқуды тәмамдап, Шымкент қаласында «Хоум банктің» филиалында қызмет жасайды. Шардараға көшіп келгенде екінші қыздары Ақтолқын өмірге келді. «Теңіздің жағасында туған қыз» деп есімін енесі қойған. Жоғары білім алған Ақтолқын қазіргі таңда аудандағы Спорт кешенінде жұмыс істейді. Арайлым мен Бекасыл Шымкентте студент. 4 сыныпта оқитын Қалдығыздың атын атасы қойыпты. «Марқұм анамның есімі Қалдығыз болатын. Осы кісінің аты өшпесін деп бір немереме есімін қойсақ деп жүрмін» деген Молдазым атаның бір ауыз өтініштерін құп алып, қыздарына қойды. Манағы айтқан балабақшаға баратын екі кішкентай қыздың есімдері Саяжан мен Айсел. Жұмыстан барғанда осы екі бүлдіршіннің балдай тәтті былдырлаған тілі мен қылықтары ата-анасының күні бойғы шаршауларын саппа баса қояды.

Ғайшагүл Төребаеваның қарамағында 45 адам жұмыс істейді. Рухани байлық – кітаптың мәртебесін көтеріп, оқырманды кеңінен тарту үшін жыл сайын жоспарлы түрде іс-шаралар өткізіліп тұрады. Шардара ауданы бойынша жалпы 352 458 кітап қоры бар.

-Әр түрлі мерекелік даталарға орай аудандық орталық кітапханада көрмелер мен кездесулер өтіп тұрады. Жазғы демалыстарда қаладағы саябақтарда тұрақты түрде кітап көрмесін ұйымдастырамыз. Кеше ғана қорымызға жаңадан 1263 кітап келіп қосылды. Ғаламторға арбалған заманда кітаптың қадір-қасиетін жас ұрпаққа ұғындырып, оны насихаттаудың маңызы өте жоғары.  Себебі, кітаппен теңесетін байлық жоқ, — дейді Ғайшагүл Амангелдіқызы.

-Жарыңыз да, өзіңіз де басшы қызметтесіз. Бастық адам екінші бастық адамның көңілінен шығып, жағдайын жасап отыру қиын емес пе? – дейміз әзіл-шынымызды араластырып.

-Мен тек қызметте ғана басшы шығармын. Басқа уақытта отағасының орны бәрінен жоғары. Өзімнің ұшқан ұямда да, келін болып түскен жерімде де ұлтымыздың салт-дәстүрімен тәрбиелендім. Ер-азаматтың мәртебесін барлық уақытта жоғары қоямын. Ұл-қыздарымызбен бірге Мырзекеңнің қас-қабағына қарап тірлік істейміз. Бір байқағаным, қыз бала әкесіне жақын болады деген рас екен. Қыздарым әкесіне жақындау болса, ұлдарым керісінше маған көбірек келіп, сырласады, — дейді Ғайшагүл әпке.

Қосымша табыс көзінсіз-ақ, шиеттей бала-шағаны қатардан кем қылмай жетілдірген Қарымсақовтар жанұясында «қаптың аузы ашылып», қыз қияға, ұл ұяға қона бастады.  Қызмет пен отбасының орайын тауып ұқсатып отырған Ғайшагүл Төребаеваның көргенді енесінен алған өмірлік өнегесін ендігі сәтте өзінің келіндерінің бойына сіңдіретініне біздің сеніміміз кәміл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *