Мүгедектігі бар 387 бала арнаулы әлеуметтік қызметтер түрлерімен қамтылды

Түркістан облысына қарасты аудан, қала әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде мүгедектігі бар адамдар үшін үйде арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсететін 49 бөлімше жұмыс жасайды. Атап айтқанда жалғызілікті қарттар үшін 22 бөлімше қарастырылса, мүгедектігі бар балалар мен психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға 27 бөлімше іске қосылып, арнайы қызмет көрсетеді.

Оның ішінде 2 170 жалғызілікті қарт, 2 345 мүгедектігі бар балалар және 576 психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдар үйде арнаулы әлеуметтік қызметтермен толық қамтылған. Аталған бағыттағы қызмет түрлері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету шарасы қолға алынған.

Оған қоса аудан, қалалық жұмыспен қамту бөлімдерінің 10 күндізгі қатынау жағдайында (жартылай стационарлық) қызмет көрсететін бөлімшелер қарастырылған. Сондай-ақ биылғы жылдың 6 айының қорытындысына сәйкес бөлімшелерде психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар 387 бала арнаулы әлеуметтік қызметтер түрлерімен қамтылды.

Айта кетейік, облыс көлемінде үйде қызмет көрсету жағдайында жалпы саны 1000-ға жуық әлеуметтік мамандар мен қызметкерлер, айқындаушылар және кеңесшілер жұмыс істейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек және әлеуметтік қорғау комитетіне қарасты облыстық департаменті 2024 жылдың 6 айында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Әлеуметтік қорғау саласы бойынша мемлекеттік қызмет ұсынудың 18 түрінен 79881 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Департаменттің бірінші бағыты – зейнетақы және жәрдемақыларды тағайындау. Әлеуметтік төлемдер бойынша бүгінде облыста 772 103 зейнетақы мен жәрдемақы алушы бар. Оның ішінде жасына байланысты 193866 зейнеткер, базалық зейнеткерлер – 80571, ал, жәрдемақы алушылар саны – 397 666. Облыста 123056 адам көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алса, 64840 адам көп балалы ана ретінде жәрдемақы алады. Күміс алқаға – 23629 теңге, алтын алқа, ана даңқы мен батыр аналарға 27321 теңге тағайындалған.

Мүгедектігі бойынша 75171 адам жәрдемақы алады. Бірінші топтағылар – 95496, екіншісі – 76397, ал, үшінші топ 52089 теңге алады. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша 22197 адам жәрдемақы алады. Бір балаға – 39935 теңге, екі балаға – 73792 теңге, үш балаға – 97666 теңге, төрт балаға – 112859 теңге, бес балаға – 119370 теңге, алты және одан көп балаға 130221 теңге төленеді. Басқа да жәрдемақы түрлерін алушылар – 112402 адам. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдері 9%-ға, ал, жәрдемақы 7%-ға өсті.

18 жасқа дейінгі мүгедек-балалар арасында дамудың туа біткен аномалиялары – 32,6% (2023 ж. – 33%), нерв жүйесі аурулары – 24,6% (2023 ж.- 24,8%), психикалық және мінез-құлқының бұзылуы – 11,2% (2023ж.-10,8%) алдыңғы орындарды алады. Өткен 6 айда барлығы 15563 адам қайта куәландырылды, оның ішінде 10176 адам мүгедек деп танылды (2023 жылы 11254 адам куәландырылып, 10564 адам мүгедек деп танылған).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *