Келес ауданында көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқын алды

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі – өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында нақты көрініс табуда. 2024 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президент:
«Барлық өңірде заманауи коммуналдық жүйелерді дамыту – халықтың тұрмыс сапасын арттырудың басты факторы. Табиғи газбен қамту – бұл тек жылыту мен ас әзірлеу ғана емес, экологияны қорғау және халық денсаулығын жақсарту жолы», – деп атап өткен болатын.

Осы тапсырма аясында бүгінде Түркістан облысы Келес ауданында көгілдір отынмен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта аудан бойынша 83 елді мекеннің 59-ы табиғи газ желісіне қосылған. Бұл жалпы қамтудың 71,1 пайызын құрайды. Аудан орталығы Абай ауылында бұл көрсеткіш 100 пайызға жетіп, тұрғындардың өмір сапасы айтарлықтай жақсарды.

Келес ауданының әкімдігі тарапынан қалған 24 елді мекенді де көгілдір отынмен қамту бағытында белсенді жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас, Қошқарата және Бірлік ауылдық округіндегі Бірлік елді мекендерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, тағы 9 елді мекенге магистралды газ құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, сараптамадан өтіп, оң қорытынды алынған. Бұл ауылдар қатарына Бірлік ауылдық округіндегі Жанатіршілік, Қосөткел, Үшағаш және Ошақты округіндегі Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс, Жиделі елді мекендері кіреді.

Аудан орталығындағы Абай ауылында газ желісі 100 пайызға тартылғанымен, кейбір көшелерде пайдаланылып жатқан жіңішке диаметрлі, ескі құбырларды жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта сәулет-жоспарлау тапсырмалары әзірленіп, жаңа жобалар дайындалуда. Құбырларды жаңарту – газ жүйесінің қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды жұмыс.

Табиғи газ – тек тұрмыстық қажеттілікті өтейтін құрал емес, сонымен қатар экологиялық таза энергия көзі ретінде «Жасыл даму» ұлттық саясатының негізгі құрамдас бөлігі. Көгілдір отынға көшу – ауылдық елді мекендерде отын ретінде көмір мен ағашты пайдалануды азайтып, ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл, сайып келгенде, халық денсаулығына да оң әсер етеді.

Келес ауданындағы көгілдір отынмен қамту жұмыстары – Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Түркістан облысы әкімдігінің және аудан әкімдігінің үйлесімді әрекетінің нәтижесі. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы бекіткен стратегиялық жоспарлар мен мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асуда. Парламенттің қабылдаған заңдары, атқарушы органдардың іс-қимылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

Келес ауданында көгілдір отынмен қамту деңгейінің 71 пайыздан асуы – өңірдің инфрақұрылымдық дамуының нақты көрінісі. Бұл – Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында белгіленген міндеттердің сәтті орындалуының айғағы. Қалған елді мекендерге газ тарту жұмыстары жалғасып, жақын арада аудан тұрғындары толықтай табиғи газға қосылады деп күтілуде.

Көгілдір отын – халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, ауылдық жерлерде тұрақты өмір сүруге мүмкіндік береді. Тұрмыстың жеңілдеуі, экологияның жақсаруы және инфрақұрылымның сенімділігі – бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Келешекте бұл игілікті бастамалар өз жемісін беріп, ел игілігіне қызмет ете бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *