Әлеуметтік инфрақұрылым – өңір дамуының тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мен өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту — ел тұрақтылығының негізі екенін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Осыған орай, еліміздің барлық аймақтарында, оның ішінде Түркістан облысының Созақ ауданында да тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарды жаңарту және жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бүгінде аудан орталығы — Шолаққорған ауылында тұрғын үй құрылысы қарқын алып отыр. Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвесторлардың қолдауымен 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әрбір үйде 8 пәтерден, жалпы 24 пәтер қарастырылған. Бұдан бөлек, екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл үйлер шағын отбасыларға немесе жас мамандарға арналған тұрғын үймен қамтамасыз етудің тиімді шешімі ретінде қарастырылуда. Сонымен қатар, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының демеушілігімен 2 қабатты 2 тұрғын үй бой көтеруде. Бұл нысандарда 16 пәтер орналаспақ. Осылайша, аудан орталығында салынып жатқан жаңа пәтерлердің жалпы саны – 66-ға жетті. Бұл – соңғы жылдардағы ең ауқымды тұрғын үй жобаларының бірі саналады.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен жеке танысты. Сапар барысында ол мердігер мекемелер мен құрылыс саласындағы жауапты мамандарға құрылыстың сапасын басты назарда ұстау, жұмыстарды бекітілген өндірістік кестеге сай жүргізу, сондай-ақ құрылысшылар қатарын арттыру қажеттігі жөнінде нақты тапсырмалар берді. Тұрғын үймен қатар, аудан аумағында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы да жүйелі түрде жүзеге асуда. Атап айтқанда, жаңадан бой көтеріп жатқан аудандық кітапхана ғимаратының құрылысы ерекше бақылауға алынды. Бұл нысан тұрғындардың мәдени-рухани дамуына, жастардың білім көкжиегін кеңейтуге арналған заманауи орталыққа айналмақ. Сонымен бірге, 200 орындық «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл кешенде бұқаралық спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік беретін жаттығу залдары, заманауи жабдықтар мен санитарлық талаптарға сай инженерлік жүйелер қарастырылған. Аталған кешеннің іске қосылуы — салауатты ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Аудан әкімі бұл нысандарды аралау барысында мердігер мекеме өкілдерімен және тиісті сала мамандарымен кездесіп, нысандарды уақытылы әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Оның айтуынша, тек құрылысты жүргізу емес, сонымен қатар қолданылатын материалдың сапасына, қауіпсіздік талаптарына және экологиялық нормаларға сәйкестігіне де ерекше мән берілуі тиіс.
Бұған қосымша, «Достар» стадионында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары да аудан басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Мұнда 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолақтары және стандартқа сай үлкен футбол алаңы салынуда. Бұл – тек спортты дамыту ғана емес, жастар арасында бұқаралық спортқа деген қызығушылықты арттыруды көздейтін әлеуметтік жоба. Аудан көлеміндегі мұндай құрылыс және жөндеу жұмыстары тек жергілікті бюджет есебінен емес, мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвестициялар, сондай-ақ ірі ұлттық компаниялардың демеушілігі арқылы жүзеге асуда. Бұл – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Ауылды дамыту – ұлттың болашағына салынған инвестиция» қағидаттарына толық сай келеді.
Сонымен қатар, бұл бастамалар «Ауыл – Ел бесігі», «Қуатты өңір – қуатты ел», Ұлттық инфрақұрылымдық даму жоспары аясында жүйеленіп отыр. Ел Үкіметі мен Парламентінің қолдауымен, жергілікті атқарушы органдардың белсенді әрекетінің арқасында елді мекендерде халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты жұмыстар өз нәтижесін беруде. Жаңа пәтерлер – жас отбасылар мен әлеуметтік топтардың тұрғын үймен қамтылуын қамтамасыз етсе, мәдениет, спорт, білім нысандары – болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына негіз қалайды. Ал бұл — ел Президенті айқындаған әлеуметтік әділеттілік пен өңірлік теңгерімді дамытудың айқын көрінісі.