Жолдау жүктеген міндет: Созақ ауданының Құмкент ауылында әлеуметтік нысандар бой көтеруде
Қазіргі таңда Созақ ауданында әлеуметтік салаға баса назар аударылып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттыру, ауыл инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін үнемі айтып келеді. Президенттің: «Әлеуметтік әділеттілік пен өмір сапасын жақсартпай, елдің тұрақты дамуына қол жеткізе алмаймыз» деген сөзін басшылыққа алған жергілікті атқарушы билік өкілдері өңірдегі әрбір елдімекеннің жағдайына жіті мән беруде. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың бір дәлелі ретінде Созақ ауданы әкімінің Құмкент ауылдық округіне жасаған жұмыс сапарын атап өтуге болады. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сапар барысында ауылда жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалардың барысымен танысып, олардың орындалу деңгейін бақылауға алды.
Аудан басшысы алдымен орталық саябақтағы абаттандыру жұмыстарына назар аударды. Қазіргі таңда саябақта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін, ауылдың көркін арттыратын маңызды нысан. Сондай-ақ, жаңадан салынған балалар ойын алаңдары да сапа жағынан тексерілді. Әлеуметтік нысандардың салынуы мен олардың сапалы орындалуы болашақ ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан ауқымды тірлік.
Сонымен қатар, аудан әкімінің назарына жеке инвестор есебінен күрделі жөндеуден өтіп жатқан Құмкент ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты да ұсынылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылып жатқан бұл жоба жергілікті басқару органдарының жұмысын жақсартып, халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Сапар барысында Мұхит Тұрысбеков ауылда жабық үлгідегі футбол алаңының орналасатын аумағын аралап көріп, жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды. Жастар мен балалардың бос уақытын тиімді пайдалануы, салауатты өмір салтын ұстануы үшін мұндай нысандардың қажеттілігі жыл өткен сайын артып келеді. Жоба жүзеге асқанда ауыл жастары үшін үлкен серпіліс болары сөзсіз.
Аудан басшысы барлық жобалар бойынша жауапты тұлғаларға сапа мен мерзім талаптарын қатаң сақтауды, немқұрайлылық пен салғырттыққа жол бермеуді қатаң ескертті. Әрбір әлеуметтік жоба тек құрылыс немесе көркейту емес, ол елдің келешегі, ауылдың дамуы, халықтың сенімі екенін жеткізді. Мұндай көзқарас — жергілікті әкімдіктің ел мүддесін бәрінен жоғары қоятынын көрсетеді.
Құмкенттегі бастамалар өңірдегі басқа да елдімекендеріне үлгі боларлықтай. Бұл мемлекет пен жергілікті атқарушы органның ортақ мақсатта, халықпен бірге жасап жатқан жұмысының нәтижесі. Елді мекендердің көркеюі, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы — аудан экономикасының да өркендеуінің көрінісі. Мұндай жобалар өңірдегі жұмыс орындарының көбеюіне, халықтың тұрақтылығына, демографияның артуына, ауылдың әлеуметтік ахуалының жақсаруына ықпал етеді.
Жалпы алғанда, Құмкентте жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобалар Созақ ауданының қарқынды дамып келе жатқанын, ауылдың болашағы жарқын екенін көрсетеді. Ел Президентінің стратегиялық бағыттарын негізге ала отырып, жергілікті билік халықтың сұранысын ескеріп, нақты істерге көшуде.