Шардара ауданында жас спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер есігін ашты

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жастар тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы: «Салауатты өмір салтын қалыптастыру – ұлт болашағына салынған инвестиция. Спорт – елдің абыройын асыратын күш», – деп атап өткен болатын. Бүгінде Шардара ауданында осы бағытта бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның айқын бір дәлелі ретінде Төменгі Тоғай шағын ауданында жаңа «ARLAN BOXING CLUB» жасөспірімдерге арналған бокс залының ашылғанын айтуға болады. Бұл спорт нысаны жергілікті азаматтардың жеке қаражатына, яғни бапкерлер Бексұлтан Усерханов пен Ералы Өсерхановтың бастамасы мен қолдауының арқасында бой көтерді.

Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Қарсыбаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде спорттың жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтіп, жасөспірімдерге арналған осындай спорт кешенінің ашылуын аудандағы айтулы оқиға деп бағалады. Сонымен қатар, жас спортшыларға арнап спорттық құрал-жабдықтар сыйға тартып, олардың арасынан болашақ чемпиондар шығатынына сенім білдірді.

Салтанатты іс-шара барысында аудан басшысы Бексұлтан Усерхановты Шардара ауданының әлеуметтік-спорттық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және ауданның 60 жылдық мерейтойына арналған медальмен марапаттады. Сондай-ақ, ашылу рәсіміне қатысқан Шардара қаласындағы Мелдеби шағын ауданының биі, ауданның Құрметті азаматы Таңсықбай Сахов та жүрекжарды лебізін білдіріп, аудан әкімімен бірге спорт залдың лентасын қиды.

Шардара – халқы еңбекқор әрі бірлігі жарасқан өңір. Соңғы жылдары аудан басшылығының қолдауымен спортқа ерекше назар аударылып, көптеген спорттық нысандар мен алаңдар жаңартылып, ел игілігіне беріліп келеді. Бұл бағытта жаттықтырушы Ералы Өсерхановтың еңбегі ерекше. Оның шәкірттері — Нұғман Қалдар, Диас Керімбай, Бердияр Таңсықбай, Данияр Сметулла және Айсұлтан Жоламан сынды жас боксшылар республикалық және облыстық додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда, Нұғман Қалдар Қазақстанның үздік жас боксшыларының бірі атанса, Диас Керімбай – ел чемпионатының қола жүлдегері, ал қалған үш спортшы Түркістан облысының чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған.

Жаңадан ашылған бокс залы  өскелең ұрпақтың армандарын ұштайтын, салауатты өмір салтын ұстануға баулитын тәрбие мектебі болмақ. Мұндай нысандар арқылы аудан жастарының өз қабілеттерін шыңдап, еліміздің абыройын асқақтатар чемпиондарға айналатыны сөзсіз.

Айта кетейік, биыл өңірімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 142 елді мекенде 140 жобаны (54  өтпелі, 86  жаңа жоба) іске асыруға 21,8 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, осы қаржы арқылы 7 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 17 спорт нысаны салынып, 1 спорт мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. 10 мәдениет нысаны салынып, 6 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен бірге 2 ауыз су нысаны күрделі жөндеуден өтіп, 7 электр қуатымен жабдықтау нысанының құрылысы қолға алынады, 90 жоба ішкі көшелерді орташа жөндеуге бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *