Сарыағаштық шаруалар саурандықтармен тәжірибе алмасты

Сарыағаш ауданы жылыжай шаруашылығы бойынша елімізде үздіктер қатарында келеді. Жақында Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аймақ кәсіпкерлері Сарыағаш ауданына тәжірибе алмасу үшін іссапармен барып, сарыағаштық іскер азаматтармен кездесті. Іссапар барысында олар алдымен «Агротур» шаруа қожалығында болып, тәжірибе алмасты. Қожалықтың жер көлемі 15 гектарды, оның ішінде жылыжай көлемі  4 гектарды құрайды. Соңғы технологиямен жабдықталған көшетхана орналасқан аумақ бір гектар алқапты алып жатыр. Жылына 20-25 миллион дана көшет өндіретін шаруашылық өз өнімдерімен  жергілікті кәсіпкерлерді тегіс қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар 2 гектар жылыжайда раушан гүлінің голландиялық сортын өсіруде. Аталмыш шаруа қожалығының 0,12 гектар тәжірибе алаңында банан, папая, құлпынай жайқалып өсіп тұр.

Сондай-ақ, саурандық делегация «Жабай ата» шаруашылығын аралады. Мұнда да 29 гектар жерге жылыжай орналасқан. Оның 7 гектарына лимон өсірілуде. Қалған 22 гектар аумаққа құлпынай және көкөніс өсіріліп, еліміз бен жақын шет мемлекеттерге экспортталуда. Аталған шаруашылық жылына 3500 тоннадан астам өнім өндіреді.

Сарыағаш ауданындағы «Абдураман» шаруа қожалығы тәжірибе алмасуға келген саурандықтарды құшақ жая қарсы алды. Құлпынай өсірумен айналысатын қожалықтың жер көлемі 33 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда мұнда жылыту жүйесінсіз құлпынай өсіру қолға алынған. Аталған шаруашылық жылына 500 тонна құлпынай өндіруді жоспарлауда. Бұл жылыжайдың көлемі – 2,5 гектар. Аталмыш шаруа қожалығы жыл соңына дейін жылыжай аумағын 10 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Іссапар барысында саурандық делегация сарыағаштық шаруалармен қоян-қолтық жұмыс істеуге болатындығына көз жеткізіп қайтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *