«Жайлы мектептерде» отандық жиһаздар болады

Жақында Түркістан облысында «Жайлы мектеп” салып жатқан мердігерлері Түркістандағы жиһаз шығаратын ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Басты мақсат мектептерді сапалы отандық жиһазбен қамту барысын пысықтау болды.

Алдымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен кәсіпкерлер мен жайлы мектептердің бас мердігерлерінің кездесуі өтті. Жиынға облыстық жауапты басқарма басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Ұлттық жобаны іске асыру департаментінің Түркістан облысы бойынша басшылығы қатысты.

Осыдан кейін мердігерлерге Түркістан қаласындағы «Brownfield» дайын өндірістік аймағы мен шағын өнеркәсіптік аймағында орналасқан кәсіпорындар таныстырылды. Негізінен мектепке қажетті бекітілген техникалық сипаттамаға сай жиһаз өнімдері ұсынылды. Олардың қатарында екі ЖШС бар. Бірі — «Аkniet Holding» мүгедектер қоғамы». Жоба құны: 2,3 млрд.теңге, 80 жаңа жұмыс орнымен қамтиды. Қуаттылығы: жылына 180 000 дана. Жобаның ерекшелігі: роботтандырылған соңғы үлгідегі қытайлық технология.

Екіншісі «СП Туран Мебель» ЖШС-і. Жоба құны: 2,3 млрд.теңге, 40 жаңа жұмыс орнымен қамтиды. Жобаның ерекшелігі: арнайы мектепке арналған жиһаз бұйымдарын өндіру.

Жалпы кездесу қорытындысы бойынша бас мердігерлерге кәсіпорындардың жұмысы егжей-тегжейлі таныстырылды. Әрі қарай бірлесіп жұмыстар атқару бойынша келіссөздер жүргізілді.

Айта кетейік, мемлекеттік бюджет есебінен 2023-2025 жылдар аралығында облыста 96 мектеп салу жоспарланған. Оның 20-ға жуығы пайдалануға беріліп үлгерді. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *