Қазығұрт ауданында 10 елдімекенде электр желілері ауыстырылады

Қазығұрт ауданында электр желісімен қамтамасыз ету бойынша жыл сайын кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ауданда 61 елді мекеннің 60-ы электр жүйесімен қамтылып, 98,4 пайызды құрады. Қалған 1 елді мекен электр қондырғысымен жабдықталған.
Соңғы 3 жылда 22 елді мекеннің тозығы жеткен және жаңадан түскен көшелердің электр желілері ауыстырылды. 2022 жылы 11 елді мекенде 1,1 млрд. теңгеге электр желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген болатын. Былтыр 9 елді мекендегі электр желілерін ауыстыруға бюджеттен 1,3 млрд. теңге қаралып, пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы жұмыстар жалғасын тауып, 10 елді мекенде 787,8 млн.теңгеге электр желілерін ауыстыру жоспарлануда.
Айта кетейік, Түркістан облысында 412,1 МВт электр энергиясын өндіретін 26 электр көзі бар. Оның ішінде «Шардара СЭС» АҚ – 126 МВт, «Кентаусервис» МКК – 7,5 МВт, 24 жаңартылатын энергия көзі – 278,6 МВт өндіреді. Өткен жылы өндірілген электр энергиясы көлемі сағатына 992,8 млн. кВт болса, биыл оны 1020,0 млн. кВт-қа жеткізу көзделуде.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларымен өткізген кезекті жиында: «Біз басқарма басшылары және құқық қорғау органдары басшыларымен бірге үнемі аудан, қалаларда бірыңғай қабылдау өткізіп жүрміз. Жеке қабылдауларда тұрғындар тарапынан коммуналдық мәселелер көп көтеріледі. Соның ішінде сапалы электр энергиясымен қамту мәселесі де бар. Облыстың жарығына жауапты мекеме басшылары, сіздер әр ауылды жеке-жеке аралап, жағдайды біліңіздер. Жеке қабылдау өткізіңіздер. Табыс тапқыларыңыз келсе, халыққа шығыңыздар. Бізге қағаздағы нәтиже емес, нақты нәтиже керек. Кемшіліктер бойынша жұмысты күшейтіңіздер. Инвестициялық жобаларды қайта қараңыздар, – деген болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *