Созақ ауданында тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым саласында серпінді даму байқалады
Еліміздің даму бағыттарының бірі өңірлерді дамыту, ауыл мен ауданның әлеуметтік жағдайын көтеру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту. Бүгінде Созақ ауданында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылым бағытында ауқымды істер қолға алынған.
Айталық, аудан орталығы Шолаққорған ауылында және Жеткіншек мөлтек ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жеке инвесторлардың қолдауымен 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әр үйде 8 пәтерден, барлығы 24 пәтер қарастырылған. Сонымен қатар, қос пәтерлі 13 тұрғын үйдің де құрылысы басталды. Бұл үйлер ауыл азаматтарын баспанамен қамтамасыз етуге, әсіресе жас отбасылар мен әлеуметтік әлсіз топтардың тұрғын үй мәселесін шешуге айтарлықтай мүмкіндік бермек.
Ауданның ірі серіктесі «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының демеушілігімен тағы 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандарда қосымша 16 пәтер пайдалануға берілмек. Жалпы алғанда, қазіргі таңда аудан орталығында салынып жатқан жаңа пәтерлердің саны 66-ға жетіп отыр. Бұл соңғы жылдардағы тұрғын үй құрылысының ең жоғары көрсеткіштерінің бірі ретінде бағалануда.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құрылыс нысандарына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Ол мердігер мекемелер мен құрылыс саласының мамандарына нақты тапсырмалар беріп, сапа мен мерзімді сақтаудың маңыздылығын ескертті. Құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеге сай орындалуы және жұмыс күшін тиімді пайдалану мәселелері де әкімнің тікелей бақылауында болмақ.
Тұрғын үй салу мәселесімен қатар, Созақ ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен мәдени және спорттық нысандардың қолжетімділігін арттыру бағытында да нақты істер атқарылып келеді. Аудан орталығында жаңадан салынып жатқан аудандық кітапхана – білім мен мәдениеттің дамуына ықпал ететін маңызды нысан. Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай салынуда және өңірдің оқырман қауымына сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан 200 орындық «Спорттық-сауықтыру кешені» де көпшіліктің күткен жобасы саналады. Аталған кешенде спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік беретін алаңдар мен жаттығу залдары қарастырылуда. Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған бұл кешен ауданның әлеуметтік бейнесіне серпін бермек.
Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков спорт саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды да жіті бақылауда ұстап отыр. Осы сапар барысында ол күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан «Достар» стадионының құрылыс аумағында болды. Мұнда 450 орындық көрермендерге арналған трибуна, жүгіру жолақтары және заманауи талаптарға сай футбол алаңы салынуда. Аталған стадион пайдалануға берілген соң, аудан деңгейіндегі және облыстық дәрежедегі спорттық іс-шараларды қабылдауға мүмкіндік туады.
Жалпы, аталған құрылыс жобаларының барлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін арттыруға бағытталған. Бір жағынан, бұл нысандар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға негіз болса, екінші жағынан өңір экономикасына серпін береді. Құрылыс жұмыстарының өзі жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті халықты тұрақты табыспен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, жеке инвесторлардың, ұлттық компаниялардың қолдауы әлеуметтік серіктестіктің нақты нәтижесін көрсетеді.
Жалпы ауданның әрбір елді мекенінде жаңару мен жаңғыру байқалады. Бүгінде тұрғын үй, мәдениет, спорт, білім беру және денсаулық сақтау салалары біртіндеп жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Алдағы уақытта да Созақ ауданы осындай игі бастамаларды жалғастырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жолындағы жұмыстарды жүйелі түрде атқара бермек.