Жолдау жүктеген міндет: Сайрам ауданында агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар өз жұмысын бастады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Еліміздің орнықты дамуы ең алдымен өңірлердегі нақты істермен айқындалады. Экономикалық өсімнің басты драйвері – жеке инвестиция болуы керек. Мемлекет тек бағыт-бағдар көрсетіп, қолайлы жағдай жасауы тиіс» – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер ел дамуының жаңа бағытын айқындап беріп қана қоймай, өңірлер үшін нақты мақсаттар мен міндеттер жүктеді.

Айталық, Сайрам ауданында Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру аясында инвестиция тарту бағытында нәтижелі жұмыстар қолға алынуда. Биылғы жылдың алғашқы 5 айында аудан экономикасына 29,2 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есеге өсті (2024 ж. 5 ай – 12,0 млрд теңге). Айта кетерлігі, тартылған қаржының 73,6 пайызы немесе 21,5 млрд теңгесі – жеке инвестициялардың үлесінде.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық ахуалды жақсарту – басым бағыт. Әсіресе, жергілікті деңгейде нақты қолдау механизмдері қажет», – деген болатын. Бұл тұрғыда аудан әкімдігі мен тиісті органдар тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді.

Мәселен, жыл қорытындысы бойынша ауданға 170,0 млрд теңге инвестиция тарту жоспары белгіленген. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артық көрсеткіш. Аталған өсімді негізінен жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз ету көзделуде. Бұл өз кезегінде өңірдегі шағын және орта бизнестің, кәсіпкерліктің дамуына тың серпін береді.

Сайрам ауданында өндірістік әлеуетті арттыру мен жергілікті бюджеттің кірісін ұлғайту мақсатында 2025 жылы жалпы құны 49,8 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл жобалардың нәтижесінде 1308 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – аудан тұрғындарының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Қазіргі таңда осы жобалардың ішінде құны 6,7 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып үлгерді. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу, көлік, құрылыс және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жобалар өз жұмысын бастап кетті. Бұл жобалар тек өндірісті өркендетіп қана қоймай, жергілікті еңбек нарығын жандандыруға да ықпал етуде.

Осының барлығы – Сайрам ауданындағы тұрақты экономикалық өсімнің, жоспарлы мемлекеттік саясаттың және Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық бағыттардың сәтті жүзеге асып жатқанын көрсетеді. «Әрбір өңір – ел дамуының тірегі. Біз өз күшімізді орталықпен қатар, ауыл мен ауданның өсіп-өркендеуіне де бағыттауымыз керек», – деген Мемлекет басшысының сөзі осы бағыттағы жұмыстарға негізгі бағдар болып отыр.

Алдағы уақытта да Сайрам ауданы инвестициялық белсенділікті арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолында нақты нәтижелерге қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Өңірдің оған мүмкіндігі мол, әлеуеті зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *