Жолдау жүктеген міндет: Бәйдібектегі “Байсары” қой көрмесі агроөнеркәсіп кешеніне жаңа серпін берді

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту — еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты бағыттардың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласын қолдау мен дамытуға ерекше назар аударып, отандық өнім өндірушілердің әлеуетін арттыруды, агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртуды көздейді. Осы тұрғыдан алғанда, Бәйдібек ауданының Бөген ауылдық округіне қарасты Жиенқұм елді мекенінде ұйымдастырылған облыстық асыл тұқымды “Байсары” қой көрмесі — осы саясатының нақты жүзеге асуының жарқын үлгісі.

“Байсары” қой тұқымы — Қазақстанның өзге өңірлерінде танымал және жоғары өнімділігімен ерекшеленетін асыл тұқымды малдардың бірі. Көрменің басты мақсаты — осы құнды тұқымды көбейту, кеңінен насихаттау, сондай-ақ тәжірибе алмасу арқылы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру болды. Шара барысында қойлар түрлі номинациялар бойынша іріктеліп, үздіктер марапатталды, бұл мал шаруашылығында бәсекелестік пен ынталандырудың дамуына серпін берді.

Көрмеге аудан әкімінің орынбасары Нұрпейіс Ақбаев қатысты. Өз сөзінде ол мал шаруашылығының еліміз үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.

— «Мал шаруашылығы — еліміздің ауыл шаруашылығындағы негізгі бағыттардың бірі. Әсіресе, асыл тұқымды мал басын көбейту экономикалық тұрақтылық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көрсетілуде», — деді ол.

Бүгінде мемлекет мал өсірушілерге қаржылық және техникалық қолдау көрсетіп, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруда. Осы саясаттың нәтижесінде Бәйдібек ауданында 50-ге жуық асыл тұқымды уақ мал шаруашылығы табысты жұмыс жасап, көптеген отбасылық кәсіпорындарға айналып үлгерді. Сонымен қатар, өңірде асыл тұқымды уақ және ірі қара мал сатып алу, бордақылау алаңдарына өткізілген бұқашықтардың құнын арзандату, сүт өндірісінің шығынын төмендету бағытында мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Бұл шаралар мал шаруашылығын дамытудағы кедергілерді жоюға, фермерлердің шығындарын азайтып, өнім сапасын арттыруға ықпал етіп келеді.

“Байсары” қой көрмесі аясында ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер мен шаруашылық қожалықтарының иелері өз тәжірибелерімен бөлісіп, мал шаруашылығын одан әрі дамытуға бірлескен жоспарлар құрып, бір-біріне қолдау көрсететінін айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *