ҚАЛА ӘКІМІ ТҮРКИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Түркияның «Ruyada Development» компаниясының өкілдерін қабылдады. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, логистика, медицина, өңдеу өнеркәсібі, жасыл экономика және цифрлы қала салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру бағытында пікір алмасты. Екі ел арасында бауырлас қалалар орнату мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілді.
Қала әкімі шетелдік инвесторларға Түркістан қаласының инвестициялық мүмкіндіктері мен туристік әлеуеті туралы жан-жақты ақпарат беріп, қалада бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар мен толық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, Түркістанның еліміздің маңызды туристік және экономикалық орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
«Ruyada Development» компаниясының жетекшісі Аббас Хурисан Түркістан қаласының инвестициялық мүмкіндіктері зор екенін және олар өз жобаларын дәл осы жерде жүзеге асырғысы келетінін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайту және жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Алдағы уақытта екі жақты келіссөздер әрі қарай жалғасатын болады.