Бір әулетті өрге тартып келе жатқан өжет қыз

Нәзік жандылардың қатарынан болса да өзгелерден мысқал да кем түспей, ер азаматтардың жүгін арқалап жүрген қыздарымыз бар. Көксулық Зухра Исаева сондай жанның бірі. «Нұр Жақсылық» шаруа қожалығының төрайымы болып еңбек ететін Зухра Жақсылыққызы дәл қазіргі таңда уақытпен санаспай егістік басында жүр. Қарамағындағы 10 гектардан асатын егістік жердің жыртылуынан бастап, дән себілуі, оның өсіп-өнуі, уақтылы күтіп-бапталуына қатты мән беретін диқан қыз қашан жиын-терім біткенше дем алмайды десек жаңылыспаймыз. Базбіреулер секілді ұланғайыр жерді алып татсап, не егін екпей, не жұртқа пайдасын тигізбей жүретіндердің қатарынан емес, пай үлестеріндегі 10,62 гектар жерді тап-тұйнақтай игеріп, бір әулетті асырап отырған Зухра Исаеваның еңбекқорлығына еріксіз сүйсінесің.

–Кеңшар тараған кезде біздің пай үлесімізге осы жер тиді. Алғашқы жылдары жұрт не ексе соны егіп көрдік. Бидай ектік, қауын-қарбыз бен мақта да ектік. Мақтаның пайдасын көргеннен кейін оның көлемін жайлап ұлғайтып, қазіргі күні бірыңғай шит өсірумен шұғылданып келеміз. Үкімет тарапынан, әкімдік тарапынан жасалатын жеңілдіктердің бәрін де уақтылы аламыз. Әсіресе, көктем мезгілі диқан қауым үшін үлкен сынақ. Міне, осындай қиын кезде қажетті жанар-жағармайды жеткілікті мөлшерде  алып отырғанымызға қуанамын. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, «Қаз Рос Нефть» ЖШС-інің операторы, белгілі кәсіпкер Қабылан Жұмабековке, сол жанар-жағармайды шаруаларға тасымалдап, таратып беріп отырған ауылымыздың кәсіпкерлері М.Баязеров пен А.Спановқа өзімнің атымнан да, жанымдағы басқа да шаруалар атынан да үлкен алғысымзды білдіреміз, — дейді Зухра Жақсылыққызы.

Зухра Жақсылыққызы өзінің екі інісімен бірге таңғы сағат 6-дан бастап егістік алқапта болады. Мана айтқанымыздай жерді айдап-жыртудан бастап, тырмалау, түнімен чизель салу, егін егу секілді қат-қабат келе беретін тынымсыз тірліктің бәріне үлгеріп келеді. «Ырыс» микроқаржы ұйымынан несие алып, осы диқаншылыққа жұмсайды. Ауыспалы егістің тәртібін сақтап, мамандардың кеңесімен жұмыс істейді. Жерді көздің қарашығындай күтіп-баптай білуінің арқасында ойдағыдай өнім алып отыр. Ауылшаруашылығы саласындағы жанкешті еңбегінің арқасында бірнеше рет аудан басшылары тарапынан алғыс хаттар мен грамоталар иеленді. Қоғамдық бірлестіктердің медальдарымен марапатталды.

–Жерлесіміз Зухра Жақсылыққызы кезінде кеңшарда бухгалтер болып еңбек етті. Жеке шаруа қожалық ашқан соң трактор айдап, механизатор да болды. Өзінің еңбекқорлығымен сол жерді тиімді игерудің арқасында бір әулетті асырап, өзгелерге үлгі көрсетіп келеді. Шаруадан қолы босаған кезде қоғамдық жұмыстарға араласады. Ауылдағы балабақшада ата-аналар Кеңесінің төрайымы болса, сайлау науқаны кезінде сайлау учаскесінде хатшы болып жұмыс жасайды. Мұндай азаматтарымызбен біздер мақтанамыз, — дейді ауылда ұзақ жылдар бойы әкімдік саласында жемісті қызмет атқарған Баянбай Қайыпназаров.

Алдағы күнге үмітпен қарап, әрбір таңнан жақсылық күтетін Зухра Исаева Құралай есімді балдай тәтті қыз өсіріп отыр. Құралайдың жасы қазір 6-да. Әкелерінен ерте айырылған екі інісін де қамқорлығына алған еңбекқор қыз тағдырдың ауыртпалығына мойымастан, алға қарай қарышты қадам басып келеді. Мехнаттан қашпайтын еңбекқор жанның берекелі күзде мол өнім аларына сенімімз кәміл.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *